Қоғам

Қарағанды облысында бес адам бруцеллез жұқтырды

© Photo : Pixabay / Ralphs_FotosАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Жазылу
Бруцеллез көбіне өңделмеген сүт және сүт өнімдерін тамаққа пайдалану арқылы жұққан
НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Биыл Қарағанды облысында бес адам бруцеллез жұқтырды. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4 жағдайға артық.
Бруцеллез жұқтыру фактілері Шахтинск, Теміртау және Абай ауданында тіркелген, деп хабарлайды Қарағанды облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
"Шет, Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай және Осакаров аудандарында адамдар үшін бруцеллез қоздырғышының негізгі көзі саналатын ірі қара және ұсақ мал арасында бруцеллездің 391 жаңа эпизоотиялық ошағы анықталды", - делінген хабарламада.
Эпидемиологиялық тексеріс барысында адамдардың көбі бруцеллезді сүт және сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз тамаққа пайдалану және оларды жеке тұлғалардан сатып алу салдарынан жұқтырғаны белгілі болды.
Сондай-ақ қорадағы малды күту кезінде санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталмауы және малды уақтылы зертханалық тексерістен өткізбеу бруцеллез жұқтыруға себеп болған.
Департаменттің мәліметінше, сыртқы ортадан алынған сынамаларда бруцеллез қоздырғышы 7,8% сүт өнімдерінде, 1,1% қида, 2,2% пішенде, 1,1% жүнде анықталды.
"Бұл анықталған оң нәтижелер микробтардың сыртқы ортаға таралғанын көрсетеді. Ал бұл инфекцияның адамға берілу факторы болуы мүмкін", - деді департамент өкілдері.
Бруцеллез – қауіпті ауру, жануардан адамға жұғады. Көп жағдайда ауырған адамдар инфекцияның созылмалы түріне шалдығады. Егер адам дәрігерге дер кезінде қаралып, емделмесе мүгедек болып қалуы мүмкін. Бруцеллездің ерекшелігі – оны жұқтырғаннан кейін адамда аурудың өткір кезеңі болмауы мүмкін және клиника бірнеше айдан, тіпті бірнеше жылдан кейін пайда болады.
Облыстық департамент бруцеллез жұқтырудың алдын алу үшін халыққа мынадай кеңес береді:
сүт және сүт өнімдерін тек ветеринарлық бақылау бар дүкендерден немесе базарлардан сатып алу;
жануарлардан алынатын өнімдерді термиялық өңдеу – етті мұқият қуыру, сүтті қайнату;
малды асырау, күту, бағу кезінде, әсіресе ауру жануарлармен байланыста болған кезде жеке бас гигиенасын сақтау, қолды сабынмен мұқият жуу, қорғаныс құралдарын (қолғаптарды) пайдалану;
жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет.
Малда қандай да бір ауру белгілерін байқасаңыз, дереу ветеринариялық қызметке жүгіну қажет. Ал егер өзіңізде немесе жақындарыңызда бруцеллезге тән клиникалық белгілер пайда болса, тез арада дәрігерге қаралған жөн.
Жаңалықтар
0