Өңірлер

Павлодарда жұмысшы үш метрлік шұңқырға құлады - туыстары фирмаға шағымданды

© Sputnik / Алексей Сухоруков / Медиабанкке өтуНауқастың қолы
Науқастың қолы - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Жазылу
Қызметкер ауыр жарақат алды, ал жұмыс беруші қоңырауға жауап бермейді
ПАВЛОДАР, 23 мамыр-Sputnik. Павлодарда траншея қазу кезінде ер адам топырақ астында қалып, ауыр жарақат алды. Ол жұмыс істеген компания жауапкершіліктен жалтаруға тырысып жатыр, деп хабарлады жәбірленушінің қызы әлеуметтік желілерде.
"Менің 1964 жылы туған әкем Анатолий Смирнов жұмыс істеп жатқан кезде жазатайым оқиға болды. Ол Украинская үйі, 101 және №84 балабақша арасындағы коммуникациямен айналысатын жеке фирмада жұмыс істеді. Жөндеу жұмыстарының паспорты жоқ. Жұмыс барысында таңғы сағат 10.00-де жер опырылып құлады. Әкем астында қалды. Оны арнайы техникамен қазып алды. Қазір ол ауруханада ауыр хәлде жатыр", - деп жазады ол.
Қызының айтуынша, фирма қызметкерлері жедел жәрдем шақырмаған. Әкесін үйіне әкеліп, бірнеше жарақат алған адамды үй киіміне киіндіре бастаған. Осылайша жұмыста емес, үйде құлағандай етіп көрсеткісі келген. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен адамның бірнеше сүйегі сынғанын айтты. Ер адам травматология бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тұрақты.
Зардап шегушінің қызының айтуынша, бастапқыда кәсіпорын басшылығы бұл өндірістік жарақат екенін мойындаған. Фактіні тіркеуге уәде беріп, тіпті мәселені "сол жерде шешуді" ұсынған. Бірақ қазір ұйым болған бұл жағдайды жоққа шығарып, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей отыр. Ер адамның туыстары құқық қорғау органдары мен еңбек басқармасына жүгінді.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, " 19 мамырда сағат 10.00-де Павлодардағы Украинская көшесі, 101 ғимаратының жанында ЖШС-нің жұмысшысы су құбырын жөндеген кезінде тереңдігі 3 метр шұңқырға құлап кеткен. Ол жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде".
Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың ақпараты бойынша, бүгін, 23 мамырда зардап шеккен жұмысшының жұбайы мен қызы жүгінген. Зардап шеккен адамның мәлімдемесінен кейін, бөлім тексерумен айналысады.
Жаңалықтар
0