Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Конституциясы қалай өзгерді

© Sputnik / Абзал КалиевКонституция Республики Казахстан
Конституция Республики Казахстан - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.05.2022
Жазылу
1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумда Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданды. 55 бапқа 1 100-ден астам өзгеріс енгізілді
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Ал екі жылдан кейін Ата заңның жаңа нұсқасы қолданысқа енгізілді. Содан бері ол бес рет өзгертілді. Sputnik Қазақстан сол түзетулерге шолу жасады.

1993 жылғы Конституция

Бірінші Конституцияда Қазақстан парламенттік республика ретінде көрсетілген. Ал Жоғарғы кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Президент депутаттардың алдында есеп беруге міндеттелді. Жалпы, Жоғарғы кеңестің өкілеттігі басым болды. Негізгі қызметі:
Конституцияны қабылдау және оған өзгеріс енгізу;
келіспеушіліктер туындаған кезде заңды талқыға салу;
елдің шекарасын анықтау мен әкімшілік-аймақтық дауларды шешу;
мемлекеттік бюджетті бекіту және өзгерістер енгізу;
бюджетті бақылау;
қаржы жүйесі мен салық саясатын құру;
мемлекеттік қарыздар туралы шешімдер шығару;
заңның орындалуын қадағалау;
президентті ғана емес, премьер-министр мен министрлерді тағайындау.
1993 жылғы Конституция 28 қаңтарда қабылданды. Ата заң күні де сол датаға белгіленген еді. Алайда бұл мейрам ұзақ тойланған жоқ. 1994 жылы Жоғарғы сот таратылды. Ал бір жылдан кейін жаңа Конституция қабылданды.

1995 жылғы Конституция

Осы жылы наурыз айында Қазақстан халықтары ассамблеясы (қазір Қазақстан халқы ассамблеясы – Sputnik) құрылды. Ал төрт айдан кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев ассамблея сессиясын жинап, жаңа Конституцияның жобасын ұсынды. 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданды. Осылайша, 55 бапқа 1 100-ден астам өзгеріс енгізілді. Негізгі түзетулер:
парламент билігін президентке беру;
екі палаталы парламент – сенат пен мәжілісті құру;
парламентті бақылаушы функциясынан айыру;
заң шығару функциясын үш институт – президент, үкімет пен парламент арасында бөлу;
конституциялық сот пен арбитраждық сотты тарату;
президентке сенаттың 7 депутатын тағайындау өкілеттігін беру;
президент лауазымына 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған адамды 5 жылға сайлау;
бір адамды қатарынан екі реттен артық президенттікке сайламау.
Жалпы, 1995 жылғы Конституция 95 баптан тұрған. Артынан оған бес рет өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде баптардың саны 98-ге дейін жетті.

1998 жылғы өзгерістер

Осы жылы Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Атап айтқанда, президенттікке үміткер адамның жас шегі 40-қа дейін көтерілді, ал 65 жасқа дейінгі шектеуді алып тастады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілер үшін жас шегі жойылды. Ал президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаса не кетірілсе, оның өкiлеттiгi көшетін лауазымды тұлғалардың қатарына мәжiлiс төрағасы да қосылды.
Негізгі түзетулер:
президентті бес жылға емес, жеті жылға сайлау;
мәжілістің кезектен тыс президент сайлауын белгілеу өкіліттігін жою;
парламент депутаттарын партиялық тізіммен сайлау;
депутаттардың санын 77-ке дейін жеткізу;
парламентке Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге өкілеттік беру;
сенат депутаттарының өкілеттігі – 6 жыл, ал мәжіліс – 5 жыл;
Сондай-ақ сайлауға қатысты баптар өзгертілді. Атап айтқанда, сайлаушылардың елу процентi қатысуы керек деген талапты алып тастады.

2007 жылғы өзгерістер

2007 жылы парламент Конституцияға тағы өзгеріс енгізді. Сол кезде Ата заңымызға 30 түзету жасалды. Президент өкілеттігі қайтадан 5 жылға дейін қысқартылды. Ал "бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды" деген тармаққа "Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентіне қолданылмайды" деген сөйлем қосылды. Сосын өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде президенттің саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұруына қатысты тармақ алынып тасталды.
Мемлекет басшысына қосымша өкілеттіктер берілді. Олар:
сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін тағайындау;
премьер-министр шығарған актілердің күшін жою, я болмаса, қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру.
Ал президенттікке үміткер "Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керек" деп жазылды.
Бұдан бөлек, мәжіліс депутаттарының саны 107-ге артты. Соның ішінде 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланатын болды.

2011 жылғы өзгерістер

Конституцияда президент сайлауына қатысты 41-бапқа "Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі" деген тармақ қосылды. "Елбасы" деген мәртебе енгізілді.

2017 жылғы өзгерістер

Осы жылы Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу қажеттігін мәлімдеді. Парламентті күшейтуге ұсыныс жасалды. Осылайша үкімет президентпен қатар парламентке де есеп беруге міндеттелді. Ал мемлекет басшысының өкілеттіктері біршама қысқарды. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық саладағы өкілеттіктердің елеулі бөлігі үкіметке берілді. Мемлекет басшысы стратегиялық функцияларға – сыртқы саясат, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік пен Конституцияны қорғауға басымдық береді.
Дәл сол кезде Ата заңымыздың 91-бабына "... тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" деген сөйлем қосылды.

2019 жылғы өзгеріс

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Ал оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Парламент Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заңды бірден қабылдады. Осылайша Конституцияның 2-бабы, 3-тармағы: "Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады", - деп өзгертілді.

2022 жылғы өзгерістер

Биыл 5 маусымда Қазақстанда конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өтеді. Халық қолдаса, Ата заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізіледі. Негізгі түзетулер:
Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесін алып тастау;
президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияға кірмеуі;
Конституциялық сот, Жоғарғы сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне партия мүшесі болуға тыйым салу;
президенттің жақын туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға шектеу қою;
сенаттағы президент квотасын 10 депутатқа дейін азайту;
мәжіліс депутаттарын 98-ге дейін қысқарту;
төменгі палатаны пропорционалды және мажоритарлы жүйемен сайлау;
депутатты кері қайтару жүйесін енгізу;
Конституциялық сот құру;
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп өзгерту;
өлім жазасын толығымен жою;
адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет беру.
Бұдан бөлек, президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұратыны туралы құзыретін жою жоспарланған. Мемлекет басшысында аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құзыреті болмайды. Ал республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері мәслихаттың келісімімен тағайындалады. Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. Депутаттардың басым дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.
Жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады, ал мемлекет халықтың атынан меншік құқығын іске асырады.
Жаңалықтар
0