Мемлекет басшысы бизнесті қорғау тетіктерін күшейтуді тапсырды
© Sputnik / Владислав ВодневАкорданың ғимараты
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғау тетіктерін күшейтіп, тартымды инвестициялық климат қалыптастыруды маңызды деп санайды
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсікерлермен кездесуінде бизнеске қысым көрсету факторларын анықтаудың барынша тиімді жүйесін құруды негізгі міндет ретінде атап өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесі мен қоғамдық бақылау – осы реформаның табысты формуласы. Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған әрбір рейдерлік әрекет немесе негізсіз қысым жасау дерегі Бас прокурордың жеке бақылауында болуға тиіс. Осындай істер соңына дейін жеткізілуі керек. Бұл жерде ешқандай корпоративтік ымыраға жол берілмеуі, тіпті сөз болмауы қажет", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашық әрі әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің басымдығына баса мән берді.
"Судьяларды іріктеу қағидаттарын жетілдірмейінше осы бағытта жасалған барлық күш-жігер тиімсіз болмақ. Қазіргі уақытта сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етіп жатыр. Жыл басынан бері сот жүйесіне қатысы жоқ басқа салалардан келген 50-ге жуық заңгер-практик судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек", – деді мемлекет басшысы.
Президент сот төрелігінің қағидаттарын қамтамасыз етуді тағы бір басымдық ретінде атап өтті.
"Сот жүйесін табанды түрде реформалау қажеттігі пісіп жетілді. Бұл қажеттілік судьялар тарапынан жақсы қабылданып жатыр. Реформа өз көздеген мақсатына қол жеткізеді деп санаймын. Біз мұндай сөздерді шетелдік инвесторлардан да, еліміздің кәсіпкерлері мен азаматтарынан да естіп жүрміз. Сондықтан мен жуық арада осы бағыттағы нақты ауқымды шараларды жариялаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бизнесті қорғау тетіктерін күшейту мәселесінен бөлек тартымды инвестициялық климат қалыптастыруды маңызды деп санайды. Оның пікірінше, жаһандық тұрақсыздық және белгісіздік жағдайында ішкі және сыртқы сын-тегеуріндер күшейген тұста мемлекеттің рөлі арта түседі.
"Мықты әрі орнықты нарықтық экономика құру үшін бәсекеге жол бермейтін факторларды анықтап, оларды жою жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Мұндай сын-қатердің астарында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімсіз рәсімдері мен оларды айқындау мәселесі жатыр. Бұл салық жеңілдіктеріне, жер телімдерін бөлуге, мемлекеттік сатып алуларға және жалпы әкімшілік реттеу жұмыстарына қатысты болып отыр", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің жел телімдеріне қол жеткізу жүйесі мен рәсімдерінің тиімділігін сынға алып, үкіметке осы мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Оның айтуынша, жобаның тиімді іске асырылуы жер телімдерін алуға өтініштерді беру және қарастырудың автоматтандырылған тетігін жедел енгізуге мүмкіндік береді. Президент бұл жүйені осы жылдың соңына дейін іске қосуды тапсырды.