Қоғам

Депутат: Қазақстанда мыңдаған лифттің тозығы жетіп тұр

© Sputnik / Владимир Федоренко / Медиабанкке өтуархив
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2022
Жазылу
Сенатор әкімдіктерге нашар жұмыс жүргізген лифт компанияларына айыппұл салуға рұқсат беруді ұсынды
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр - Sputnik. ҚР парламенті сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров түрлі ғимараттардағы мыңдаған лифттің жағдайы нашар екені туралы айтты.
Депутат премьер-министрге сауал жолдап, лифттердің нашар жағдайы мен оларға техникалық қызмет көрсету деңгейіне қатысты мәселелерді көтерді.
Ол 2012 жылы Қазақстанда лифт саласын лицензиялаудың күші жойылғанын еске салды. Соның салдарынан жауапкершілігі төмен компаниялар пайда болып, адамдардың жарақаты мен өліміне әкелетін төтенше жағдайлар туындай бастады.

"ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстанның ұлттық лифттер қауымдастығының мәліметі бойынша, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифттердің ақауы салдарынан 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталды. Бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үйлерде 30 мыңнан астам лифт бар, оның 4 мыңнан астамына жөндеу немесе ауыстыру қажет", - деді Рысқали Әбдікеров сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, әсіресе Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үйлердегі лифттердің тозығы жеткен.
Сонымен қатар, Рысқали Әбдікеров отандық лифт өндірушілерді қолдауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Ресми дерек бойынша, Қазақстанға жыл сайын 5 мыңнан астам лифт жеткізілсе, отандық компаниялар бұл сұраныстың 21%-тен сәл астамын ғана қанағаттандыра алады.
"Жергілікті әкімдіктер бұл саланы дамытуға қажетті қолдауды көрсетпей отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында "Кәсіпкерлікті қолдау барысында әсіресе орта бизнеске ерекше көңіл бөлу керек" екенін айтты. Сондықтан ең алдымен отандық өндірісті дамытуға, оның ішінде лифттерді монтаждау мен қызмет көрсету бойынша жұмыстардың тиімділігіне қол жеткізуге баса назар аудару қажет. Осылайша, бүгінгі таңда қолға алынған шаралар лифтіні модернизациялау бойынша тиісті нәтиже бермей отыр", - деді сенатор.
Осыған байланысты депутат саланы қолдауды күшейтуді, апатты жағдайдаағы лифттерді ауыстыруға кредит бөлуді, ұлттық стандарттарды сақтауды қатаңдатуды және олар талапқа сай орындалмаған жағдайда әкімдіктерге мұндай лифт компанияларына айыппұл салуға мүмкіндік беруді, сапасы күмән тудыратын лифттердің жеткізілуін шектеуді ұсынды.
Жаңалықтар
0