Арыстанбек Мұхамедиұлы президенттен араша сұрады

 Арыстанбек Мұхамедиұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2022
Жазылу
Экс-министр президент Тоқаевқа үндеу жасап, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуды сұрады
НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстан ұлттық музейінің директоры, бұрын мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы желідегі парақшасында өзіне қатысты негізсіз тексерулер басталғанын мәлімдеп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады.
"Мен бар саналы ғұмырымды мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын ұлттық идея ісіне бағыттап келемін. Қазақ киносының тынысын ашып, әлемдік өркениетке батыл бет алуына да үлес қосуға атсалысып келемін. Қай салада жұмыс істесем де, әуелі ұлт мүддесі үшін тер төктім. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді", - дейді Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын "Феникс" көркем фильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғаны белгілі болған. Нақтылап айтқанда, "Феникс" киножобасы бойынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен кинорежиссер Талғад Жаныбеков қамауға алынды.
"Оған қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болатын. "Феникс" фильмінің шарты голливуд компаниясы "Aldamisa Entertainmentпен" жасалынды деген сөз жалған болып шықты. Шын мәнінде, "Қазақфильм" АҚ "T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES" ЖШС-пен және ресейлік "Альдамиса РУС" ЖШС жасанды компаниясымен келісім жасалып, бюджеттен бөлінген 3 миллион доллар қолды болып кете жаздаған", - деді ұлттық музейдің директоры.
Ол Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше "Феникс" фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындағанын атап өтті. Жаманқұлов қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылғанын да растап, бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын айтқан көрінеді.
"Алайда аталған өнер өкілдері түрлі айла-шарғылармен мені қаралауға көшкен болатын. Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді. Әрине, "қаһармандар" азуын көрсетуден қайтар емес. Кез келген ілкімді сәтті пайдаланып, өзіңіздің атыңызға, басқа да құрылымдарға еш негізі жоқ шатпақ шағымдарын шаршамай жазып келеді. Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғаны және де солардың айдағы екені де белгілі. Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді", - дейді экс-министр.
"Кейінгі кезде арыз иелері музейде кеткен бұрынғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын!", - деп түйіндеді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Үндеудің толық мәтінін мына жерден оқыңыз.
Жаңалықтар
0