Арыстағы жарылыстан зардап шеккен кәсіпкерлердің барлығына өтемақы беріледі

© Sputnik"Арысь-1" теміржол вокзалы
Арысь-1 теміржол вокзалы - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2022
Жазылу
Бұған дейін әскери қоймадағы қару-жарақ жарылған кезде зардап шеккен 464 бизнес нысаны өтемақы алған
НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шегіп, өтемақы ала алмай қалған 48 кәсіпкерлік нысанға өтемақы берілетін болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бизнесмендердің мәселесін шешуді Түркістан облысының әкімдігіне тапсырды, деп хабарлады "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметі.
Осыдан 3 жыл бұрын Арыста әскери қоймадағы қару-жарақ жарылған кезде жақын маңдағы 464 бизнес нысаны зардап шеккені белгілі болып, олар өтемақы алған. Өтемақы "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі арқылы ашылған ("Бизнес бизнеске" жобасы) арнайы қайырымдылық есепшотынан берілді.
"Қайырымдылық қаражатының сомасы 3,1 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде "Менің Арысым" жобасы аясында елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінен жиналған 90 миллион теңге бар. Жиналған қаржы 416 нысанға келтірілген залал үшін төленді", - делінген хабарламада.
Жиналған қаржы туралы толық есеп, объектілердің мекенжайы, алынған өтемақылардың сомасы және өтемақы алған кәсіпкерлердің тізімі ИИДМ, Түркістан облысының әкімдігіне және Арыс қаласының әкімдігіне ұсынылды. Сонымен қатар өтемақысыз қалған 48 объектінің тізімі де аталған ведомстволарға жеткізілді.
"Атамекен" ҰКП қалған 48 нысанға өтемақы төлеу мәселесін бірнеше рет көтерді. 2021 жылы орталық мемлекеттік орган, жергілікті атқару органының өкілдерімен кездесіп, мәселені шешу ұсыныстары айтылды. Бұдан басқа, Ұлттық экономика министрлігіне Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен коммерциялық объектілерге шығындарды қалпына келтіру, өтеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына бірқатар ұсыныс жіберілді. Бұл ұсыныстар пакеті қолдау тапты.
2022 жылы Ұлттық палата басшылығы кәсіпкерлердің бастамашыл тобымен бірнеше рет кездесті. Осы жылдың 6 мамырында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде кеңес өтті. Нәтижесінже Түркістан облысының әкімдігіне қалған 48 нысанға өтемақы төлеу мәселесін шешу туралы тапсырма берілді.
Жаңалықтар
0