Денсаулық

Дәрігер қателік жіберсе, ақшалай төлем алуға болады – заң жобасы

© Sputnik / Абзал КалиевДәрігер
Дәрігер - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2022
Жазылу
Sputnik Қазақстан заң жобасының негізгі нормаларына шолуды ұсынады
НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Осыдан бір жыл бұрын президент дәрігелер үшін жағымды жаңалықты жариялаған еді. 2021 жылдың аяғына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады делінген. Алайда Тоқаевтың тапсырмасы уақытында орындалмады. Жақында денсаулық сақтау министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі. Соның аясында дәрігердің қателігі үшін сақтандыру төлемін беру, сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдету қарастырылған.

Әрбір дәрігерді сақтандыру жүйесімен қорғайды

Министрлік әзірлеген заң жобасы бойынша әрбір медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жоспарланып отыр. Ай сайынғы жарналар мемлекет есебінен аударылады. Ал дәрігердің қателігінен пациенттің денсаулығына зиян келсе, сақтандыру компаниясы төлем жасауға міндетті. Оны алудың үш жолы бар. Олар:
1.
емхана мен аурухананың қорытындысы;
2.
министрлікке қарасты медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жанындағы тәуелсіз сарапшылар шешімімен;
3.
құқық қорғау органдары мен соттың үкімімен.
Алғашқы екеуі дауды сотқа дейінгі реттеу шараларын көздейді. Оған бейінді қауымдастықтардың мамандары тартылады. Ал тексерісті ішкі аудит немесе пациентті қолдау қызметі жүргізеді деген жоспар бар.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жыл сайын сапасыз медициналық қызмет көрсету бойынша 300-ге жуық іс қозғалады. Соның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 80-бабы ("Медициналық көмек көрсету тәртiбiн, стандарттарын сақтамау және оны сапасыз көрсету") және Қылмыстық кодекстің 317-бабы ("Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы") бар. Денсаулық министрлігі дәл осы қылмыстық бапты ізгілендіруді көздейді. Атап айтқанда, науқастың денсаулығына ауыр, орташа және жеңіл зиян келтіргені үшін жазаны жеңілдету ұсынылып отыр.
"Қазіргі кезде дәрігерлердің мәртебесін көтеру және олардың қызметін кәсіби сақтандыру бойынша заң жобасын әзірленіп жатыр. Бұл – өте маңызды құжат. Заң жобасында дәрігерлерді қолдауға арналған көптеген шаралар қарастырылған. Мысалы, дәрігер тарапынан медициналық көмек дұрыс көрсетілмесе, я болмаса, біреудің денсаулығына қатер төндірген жағдайда бірден соттамайды, сақтандыру компаниялары мен медиация арқылы көмек беріледі", - дейді денсаулық министрі Ажар Ғиният.
Заң жобасымен медицина қызметкерлерінің мәртебесін де көтеру жоспарланып отыр. Президент айтқан "Еңбегі сіңірген дәрігер" атағы енгізілуі мүмкін.

Тоқаевтың тапсырмасы

Былтыр Нұр-Сұлтанда "Алтын жүрек" мемориалының ашылу салтанатында Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Халық тарапынан қойылатын талап та жоғары. Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге тапсырма берілген.
"Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады", – деді Тоқаев жиынға келген дәрігерлерге.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін үкімет белгілеуі тиіс.

Алматыдағы трагедия

Биыл сәуірдің басында белгілі алматылық гастроэнтеролог Юрий Шумковты атып кетті.
Күдікті ұсталды. Ол Шумковтың пациенті болып шықты. Дәрігердің қабылдауына бірінші рет келгенде тамақ іше алмайтынына шағымданды. Ал ФГДС-ке (асқазанды тексеру) жасалғанда ер адам зондты жұлып алған. Процедураны екінші рет жасағаннан да нәтиже шықпады. Осыдан кейін оны ЛОР-ға консультацияға жіберген. Шумковқа үшінші рет келгенде ғана асқазанын тексерген. Оған "өңештың қысылуы" деген диагноз қойылды. Дәрігер ем жазып берген.
Әріптестерінің айтуынша, екеуінің арасында ешқандай жанжал болған жоқ. Алайда артынан пациент дәрігерді өлтіруге бел буған. Таңғы уақытта Шумковты үйінің маңындағы автотұрақта атып тастады. Күдікті дәрігерді екі ай бойы аңдыған.
Жаңалықтар
0