Қоғам

Велосипед теуіп, көлік жүргізеді: 95 жастағы ардагер салауатты өмір салтын ұстанады

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.05.2022
Жазылу
Жұбайымен 70 жыл қол ұстасып келе жатқан ардагердің жары да тың игеруші
НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан 24 ардагер тұрады. Соның бірі салауатты өмір салтын ұстанатын 95 жастағы теміртаулық Николай Курилов.
Николай Куриловтың 9 мамыр қарсаңында кестесі қауырт. Оқушылармен жүздеседі, қала билігінің құттықтауы бар, балалары келіп мерекелік ас ішеді, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Айтпақшы, 2017 жылы оның жанұясы "Мерейлі Отбасы" ұлттық жобасының жеңімпазы атанған.
Бүгінгі күнге дейін қан майданның қиын күндерін бір сәт ұмытпаған қарт денсаулығында кінәраты бола тұра соғысқа өзі сұранып барыпты.
"Соғысқа барғым келгені сонша, оң жақ көзімде жарақатым бар, нашар көрсем де, Бриянск өңірінің әскери комиссиясына өзім бардым. Жарамайсың деді. Мен дәрігерлерге қояр да қоймай жүріп жарамды деп жаздырып алдым. Артынша майданға аттанып кеттім", - дейді соғыс ардагері Николай Курилов.
Қарияның жасы 95-ке келсе де әлі күнге велосипед теуіп, көлік тізгіндейді. Бар ермегі сол, бір сәт үйде отырып қалмайды. Бүгінде жұбайымен 70 жыл қол ұстасып келе жатқан ардагердің жары да тың игеруші. Мария Куриленконың да зұлматты жылдары тартқан азабы аз емес.
"Біздің ауыл соғыс жылдары фашистердің құрсауында қалды. Біздерге жер қаздыратын. Оның ұзындығы 15 шақырымға дейін баратын еді. Отбасымызда 7 бала болды, оның тек үшеуі қалды. Фашистер ауылды толықтай өртеп жіберді. Үйіміз, жиған-тергеннің бәрі күл болып қалды", - деп еске алды тыл ардагері Мария Куриленко.
Соғыс басталған жылы Николай не бары 7-сыныпты аяқтаған балаң жігіт еді. Бүгінде 5 баласы, 10 немересі, 11 шөбересі бар қарияның тілеуі бір. Ол елде соғыс болмаса екен деген тілек. Себебі зұлматты жылдардың мұңлы күндері әлі күнге дейін жадында сақталған.
Жаңалықтар
0