Түркістан облысында шыбын-шіркей қаптап, жұртты талап жатыр

© Photo : Pixabay / Freeimages9Комар
Комар - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2022
Жазылу
Соңғы 2-3 жылда ауылда залалсыздандыру жұмысы мүлде жүргізілмеген
НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Түркістан облысының Арыс, Шардара, Отырар аудандарында шыбын-шіркей қаптап кетті. Әсіресе, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елдімекен тұрғындары жәндікке таланып жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24".
Зиянкестердің көптігі соншалық жұрт тіпті далаға шығудан қалған. Отырар ауданына қарасты Сарыкөл ауылының тұрғындары маса мен шыбын-кіргейден әбден зәрезап болғандарын айтады.
Бала-шаға далаға шығып ойнаудан қалды. Тіпті балабақша мен мектепке жібермейтін жағдайға жеттік, дейді тұрғындар.
Ал бақшаға барғандары кешке дейін іште қамалып отырады.
"Бақшада балаларды далаға мүлде шығара алмаймыз. Таңертең келгеннен кешке қайтарда бір-ақ шығады. Таза ауаға шығаруға, ойнатуға мүмкіндігіміз жоқ", - дейді балабақша меңгерушісі Замира Мұсаева.
Шіркей шағып, шағымданушылардың саны күрт көбейген. Емханаға келушілердің көпшілігі балалар. Аллергия болып, бетаузы ісіп кеткен. Ал соңғы 2-3 жылда ауылда залалсыздандыру жұмысы мүлде жүргізілмеген.
Жергілікті жұрт күн санап қаптап бара жатқан шіркейді құртуға қауқарымыз жетпейді, деп налиды. Ал одан жан-жануарлар да зардап шегіп жатқанын айтады.
"Малдың өзі қазір жайылудан қалып, тығылып жатыр. Түнде ғана жайылады. Күндіз малдың да, адамның да жүруі мүмкін емес. Жаңадан туған төлдерді жеп қояды. Жабылып, құлағын қанатып жібереді", - дейді мал дәрігері Ерлан Алтанов.
Мұндай жәндіктен Отырар ауданындағы барлық ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Соның салдарынан шаруалар да егіс жұмыстарын жүргізе алмай отыр екен.
"Көктем аяқталып келе жатыр. Егіс егу керек, жұмыс істеу керек. Оған еш мүмкіндік жоқ. Қасқарайғанша осы шіркей маза бермейді, жұмыс істетпейді. "Жаздың бір күні қыстық азық" дейді. Біз еңбек етпесек, ол қалай өнім болады. Өнім болмайды. Қазір біздің ауданда шіркейге қарсы ешқандай қозғау жоқ", - дейді диқан Тұрсын Боранбаев.
Ауылдықтар бұл жәндіктердің тым көбейіп кеткенін соңғы жылдары залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілмеуімен байланыстырады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбай Убайдиннің айтуынша, 2023 жылдың бюджетіне есеп дайындалып жатыр.
"2023 жылы жұмысты бастаймыз. 2022 жылы аудан әкімдігі тарапынан өздері жұмыс жүргізеді. Елді мекен аумақтарын залалсыздандыруды аудан әкімдігі тарапынан жүргізіледі", - дейді ол.
Мамандар шіркейлер күзге қарай күн салқындағанда ғана азая бастайтынын айтады. Сондықтан ауыл тұрғындарына шыдай тұрудан басқа амал жоқ.
Жаңалықтар
0