Саясат

Сенат референдумға қатысты заң жобасын мәжіліске қайтарды

© Sputnik / Владислав ВодневСенат ғимараты
Сенат ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2022
Жазылу
Бұған дейін мәжіліс референдум қатысты заң жобасын мақұлдап, сенатқа жіберген болатын
НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Сенат депутаттары Конституциялық кеңес шешіміне байланысты референдумға қатысты заң жобасын мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Конституциялық кеңестің мүшелері Ата заңымызда Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін белгілеудің қажеті жоқ деген қорытындыға келген.
"Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" сөзін алып тастау ұсынылып отыр. Ал республикалық референдум туралы заңның 3-бабында республикалық референдумның талқысына салуға болмайтын мәселелер көрсетілген. Соның ішінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге де тыйым салынған. Енді осы бапты да өзгерту керек.
"Сондықтан бүгін сенат депутаттары Конституциялық кеңестің кешегі қорытындысын ескере отырып, референдумға қатысты заң жобасын қайта қарап, өзгеріс енгізді. Заң жобасы мәжіліске жіберілді", - деді сенатор Ляззат Сүлеймен жоғары палатының отырысы аясында өткен брифингте.
Айта кетері, қазіргі кезде республикалық референдум туралы заңның 3-бабында: "Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту республикалық референдумның талқысы бола алмайды", - деп жазылған.
Ал сенаторлар осы мәселені былай деп қысқартуды ұсынды: "Мемлекеттің тәуелсіздігін, Қазақстан Республикасының бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту".
Осылайша, референдумға шығаруға тыйым салынған мәселелердің қатарынан Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге қатысты шектеу алып тасталады.
Бұған дейін мәжіліс референдум қатысты заң жобасын мақұлдап, сенатқа жіберген болатын. Төменгі палата депутаттары бюллетеньде белгі қою тәртібін бекітті. Республикалық референдум туралы заңда бюллетеньде "иә" немесе "жоқ"-ты сызып тастау керек. Ондай тәртіп дауыс беретін адамды шатастыруы мүмкін. Сондықтан "иә" немесе "жоқ"-тың жанына белгі қою арқылы дауыс беру тәртібі бекітілді.
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2022
Референдумда қалай дауыс беріледі – мәжіліс заң жобасын мақұлдады
Жаңалықтар
0