Референдум туралы заңға енгізілген өзгерістер президентке жіберілді

Нұрсұлтан Назарбаев   - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Мәжіліс республикалық референдум туралы заңға сенат енгізген өзгерісті қолдады. Құжат бірден президенттің қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін төменгі палата депутаттары республикалық референдумда дауыс беру тәртібін өзгерткен. Қолданыстағы заңға сәйкес, бюллетеньдегі жауапты сызып тастау керек.
Депутаттардың айтуынша, ондай тәртіп халықты шатастырады. Сондықтан сайлау кезіндегі жүйе: "иә" немесе "жоқ"-тың жанына белгі қоюға шешім қабыланданды. Осыған орай, республикалық референдум туралы заңға да өзгеріс енгізілді.
Алайда бүгін сенаторлар тағы бір түзету енгізіп, заң жобасын мәжіліске қайтарған. Атап айтқанда, республикалық референдум туралы заңның 3-бабында: "Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту республикалық референдумның талқысы бола алмайды", - деп жазылған.
Ал алдағы референдумға шығарылатын конституциялық өзгерістердің ішінде Ата заңымыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесін алып тастау мәселесі де бар. Сол себепті қолданыстағы заңға тағы өзгеріс енгізу керек.
Сенаторлар "референдумда Елбасының мәртебесін өзгертуге болмайды" деген жерін де алып тастауды ұсынды. Мәжіліс ұсынысты қолдады. Заң жобасы бірден президентке жіберіледі.
Айта кетері, бүгін мәжілісмендер пленарлық отырыста республикалық референдум туралы заңға қатысты сенат енгізген ұсынысты қарады. Депутаттар жоғары палатаның ұсынысын қолдап, заңды бірден президенттің қол қоюына жіберді.
Құжатқа сәйкес, республикалық референдум кезінде бюллетеньдегі жауапты сызып тастаудың қажеті жоқ, сайлау кезінде белгі қою қажет. Бұдан бөлек, депутаттар "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы мәртебесін өзгертуді референдумға шығаруға болмайды" деген норманы алып тастады. Себебі конституциялық өзгерістердің ішінде Ата заңымыздан Назарбаевтың барлық мәртебесін алу мәселесі де бар. "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген мәртебесі де қалмайды.
Енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумды өткізу туралы жарлыққа қол қоюы қажет. Онда республикалық референдумды өткізу күні және бюллетеньде жазылатын нақты сұрақтың нұсқасы көрсетіледі.
Жаңалықтар
0