Бас прокуратура ұлтаралық алауыздық туғызатындарға ескерту жасады

© Pixabay / TumisuСұқ саусақ
Сұқ саусақ - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2022
Жазылу
Қазақстанда ұлтаралық алауыздық туғызған адамдар 2-7 жылға, ал ауыр салдары болса, 12-20 жылға бас бостандығынан айырылады
НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Қазақстанның бас прокуратурасы ұлтаралық алауыздық туғызатын адамдардың жазадан құтылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қадағалаушы органның ресми мәлімдемесінде әлеуметтік желіде әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты туғызатын ақпараттар шығып жатқаны туралы айтылған.
"Авторлар азаматтардың ұлттық ар-намысына немесе жалпы этникалық топқа әдейі тіл тигізеді. Өзге ұлт өкілдеріне, соның ішінде тілге қатысты көзқарасына қарай күш қолдануға ашық шақырып жатады. Әдетте, ондай материалдардың авторлары ұсталғаннан кейін өкініп, халық алдында кешіріп сұрайды. Бірақ олар жауапкершіліктен босатылмайды", - дейді прокурорлар.
Ондай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша жазаланады. Оған сәйкес, 2-7 жылға бас бостандығынан айыру, ал ауыр салдары болса, 12-20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сосын ондай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 3-бабы бойынша экстремистік қылмыстарға жатады. Ал экстремистік әрекеттер үшін қатаң жаза қолданылады. Ол адам өкініп, кешірім сұраса да, татуласса да, қамауға алынады. Осы санаттағы қылмыстар мерзімі ескірген істерге де жатқызылмайды. Сондықтан кез келген уақытта тергеуді бастауға болады. Оған рақымшылық жасалмайды.
"Бұдан бөлек, мерзімінен бұрын босату қолданылмайды, жеңіл жазамен ауыстыру немесе жазаны кейінге қалдыру да қарастырылмаған. Экстремистік қылмыстар үшін сотталғандар терроризм және экстремизммен байланысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне енгізіледі. Содан бастап қаржы мен мүлкін пайдалану жағынан шектеу қойылады. Белгілі бір банк операцияларын да жасай алмайды", - деп атап өтті прокурорлар.
Статистика бойынша 2019 жылдан бері Қазақстанда 21 адам ұлтаралық алауыздықты туғызғаны үшін сотталды. Мәселен, 2021 жылы Алматы тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол сияқты WhatsApp пен YouТube арқылы этникалық диаспора өкілдеріне қатысты намысқа тиетін пікір айтқан алматылық 5 жылға сотталды.
Жаңалықтар
0