Тісінің бәрін қағып алған: көпбалалы әке әйелін өлтірді деген күдікке ілінді

© Sputnik / Абзал КалиевИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2022
Жазылу
Бетінен ұрған, тісін сындырған, шаштан шаш қалмаған, дейді марқұмның анасы
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында өз әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен төрт баланың әкесі қамауға алынды. Қызғаншақ күйеу 38 жастағы жұбайын арақ ішуден бас тартқаны үшін төмпештеп тастады дейді марқұмның туыстары.

Ауыр соққыдан көз жұмған Үкіләй Сартаеваның жақындары енді күйеу баласымен қоса, оның шешесін де жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлады КТК.
Үкіләй Сартаеваны 15 жыл отасқан күйеуі төрт баласының көзінше сабап тастаған. Марқұмның жақындары күйеу баласының жұдырық ала жүгіретінін бұрыннан біледі екен. Тіпті бірнеше мәрте ажыратып алмақ болыпты. Бірақ "балаларым үшін шыдаймын" деп, әйелдің өзі бас тартқан. "Соңғы рет үйіне ішіп келген отағасы екі шөлмек коньяк әкеліп, біреуін әйелінің аузына құйған, ал қарсыласқан кезде басынан бос бөтелкемен ұрды" дейді туыстары. Ең сорақысы, жанжал балаларының көзінше болған деседі.
"Қызымды сүйреп үйіне дейін әкелген. Бетінен ұрған, тісін сындырған. Шашынан жұлған. Шаштан шаш қалмаған. Тістің бәрін қағып алған. Ол аз деп, үстіне секіріп, қызымның қабырғасын сындырған. Жүрегі мен өкпесін жабыстырып жіберген. Сондай айуандықпен істеп отыр", - дейді марқұмның анасы Қаламқас Сартаева.
"Күйеуге тигелі, түрмеге түскендей болды" деген жақындары күйеу баласы ұрып жатқан кезде үйінде енесінің болғанын айтады. Бірақ полиция шақырмақ болған немерелеріне тоқтау салыпты. Ал аса қатыгездікке баруына анаша мен ішімдікке әуес Әбибулланың "қызғаншақтығы себеп болуы мүмкін" дейді.
"Қызғанады, үйіне бауырлары келсе де қызғанады. Еркек адам келсе болды, қызғана береді. Жездесінен де қызғанады. Үйіне балаларының бапкері келеді, анау сенің байың ба дейді, талдан бір нәрсе терейін десе, байыңды көрейін деп жатырсың ба дейді. Ойының бәрі сондай, ойының бәрі арам болған", - дейді марқұмның әпкесі Бақыт Саймасаева.
Марқұмның туыстары полиция 40 минуттан кейін келді деп өкпелі. Егер дер кезінде жеткенде төрт баланың анасын арашалап қалуға болар ма еді дейді. Ал тәртіп сақшылары бір баппен қылмыстық іс қозғап, күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.
"Күдікті қылмысын толық мойындап, өкініш білдірді. Айғақ заттарға қатысты сот сараптамасы тағайындалған. Күдікті профилактикалық есепте тұрмайды. Көрші және туыстарынан жанжал-шу болғаны жайлы арыз-шағым осы күнге дейін түспеген", - деп түсіндірді Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Еділ Алтынбаев.
Қазір кәмелетке толмаған төрт бала әжесінің қолында. Анасынан айырылған екі ұл, екі қызға енді психологиялық көмек қажет. Балақайлар өз-өзіне келгенше білім бөлімі төртеуіне де онлайн режимде оқуға мүмкіндік беріпті. Ал "дер кезінде келмеді" деген полицейлерге қатысты тексеру жүргізіледі.
Жаңалықтар
0