Саясат

Қазақстан мен Австрия логистикалық байланысты кеңейту жайын талқылады

© министерство иностранных дел Республики КазахстанБарбара Каудель-Йенсен мен Роман Василенко
Барбара Каудель-Йенсен мен Роман Василенко - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Венаға сапары барысында Австрия үкіметі мен бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Австрия Республикасы Федералдық канцлерінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Барбара Каудель-Йенсенмен келіссөз барысында тараптар өзара мүдделі екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері бойынша талқылау өткізді. Қазақстан мен Австрия арасындағы тауар айналымы 2020 жылғы 1 015,7 миллион еуродан 2021 жылы 1 541,7 миллион еуроға дейін, яғни 51,7%-ке өскені баса айтылды.
Василенко Орталық Азия аймағындағы Қазақстан Австрияның сенімді серіктесі болғанын және бола беретінін, Австрияның және тұтастай алғанда Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне өз үлесін қосуды жалғастыратынын атап өтті. Австрияға импортталатын барлық мұнайдың ауқымды бөлігі (39%) қазақстандық өнім екенін ескеру керек.
"Қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, тараптар Қазақстан мен Австрия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, әлемдегі ең көне көлік-логистикалық компания Gebrüder Weiss (1823 жылы негізі қаланған) жетекшілерінің бірі Дитер Бухингер Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жүк тасымалының өскенін атап өтті. Біздің елде бұл компанияның төрт логистикалық терминалы мен Алматыда өкілдігі бар.
Транскаспий халықаралық көлік бағытымен кооперация бойынша австриялық тараппен, атап айтқанда, Rail Cargo компаниясымен мазмұнды талқылау болды.
Австрия Республикасының Федералды ауыл шаруашылығы, өңірлерді дамыту және туризм министрлігінің бас директоры Андреас Райххардт жаңартылатын энергия көздері, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және денсаулық сақтау салаларындағы Қазақстанмен ынтымақтастықтың жоғары әлеуетіне назар аударды.
Кездесу соңында беделді бизнесмендердің бірі, Австрия федералды экономикалық палатасының вице-президенті және Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Рихард Шенц "Жаңа Қазақстанды" құру мақсатындағы саяси және экономикалық реформалар бағытына қолдау білдіріп, оларды халықаралық іскерлік қауымдастық тұрғысынан жедел және толық жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар мұнай-химия саласындағы ынтымақтастық мүмкіндігін, сондай-ақ "жасыл" энергетикаға арналған жоғары технологиялық жабдықтарды өндіру үшін қажетті пайдалы қазбалардың болуын қарастыру жөнінде келісті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған және "Жаңа Қазақстанды" құруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Украинадағы ахуал талқыланды.
Сапар барысында Австрияның іскерлік топтарының өкілдерімен "дөңгелек үстел" өтті. Кездесуге ауыл шаруашылығы, өңірлерді дамыту және туризм, цифрландыру және экономика федералды министрліктерінің, Австрия экономикалық палатасының өкілдері, сондай-ақ Frequentis, Vamed, Gebrüder Weiss, Raiffeisenbank International, Lasselsberger Group, Rail Cargo, Austrian Technology Corporation, Weissenseer және тағы басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Жаңалықтар
0