Өңірлер

2025 жыл соңына дейін халықтың 100%-і таза ауыз сумен қамтылуы керек – Смайылов

© Sputnik / Владислав ВодневӘлихан Смайылов
Әлихан Смайылов - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2022
Жазылу
Ауылдарды сумен қамтумен айналысатын пайдаланушы мекемелерге бірыңғай талаптар бекітіледі
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов 2025 жылдың соңына дейін ел халқын жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – үкімет алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
"2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-і таза ауыз сумен қамтылуы керек. Бұл әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Сондықтан, әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән беруге тиіс. Аталған жобаларды қаржыландыруға басымдық берілу керек", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Премьер қолданыстағы және жаңадан іске қосылатын объектілерді тиімді пайдалану үшін саланы автоматтандыруды, яғни инновациялық технологияларды енгізуді тапсырды.

Облыс әкімдері су құбырларын күтіп ұстап, оларды тиісті мекемелерге сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыру қажет

Алихан Смаилов  - Sputnik Қазақстан
Әлихан Смайылов
ҚР премьер-министрі
Ол әкімдіктер ауыл ішінде жүргізіліп жатқан су құбырлары мен елді мекенге дейін тартылатын топтық су құбырларының жоспарын бір-біріне сәйкестендіру керек екенін атап өтті. Айтуынша, кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмайды. Мұндай проблемалардың басты себебі – негізінен, жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы.
"Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де, тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік болады. Мұның барлығы жергілікті билік тарапынан үйлестіру жұмыстарының әлсіздігінен. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет", - деді Смайылов.
Бұл ретте премьер-министр жыл соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін ауылдарда 94,7%-ке, ал қалаларда 98,5%-ке жеткізуді тапсырды. Осыған байланысты өңір әкімдіктері сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл жөндеуден өткізуі қажет.
Сондай-ақ, ол Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне 2023 жылы іздестіру-барлау жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарды аяқтауды тапсырды.
Бұған қоса, жаңадан салынатын және қолданыстағы сумен жабдықтау инфрақұрылымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауылдарды сумен қамтумен айналысатын пайдаланушы мекемелерге бірыңғай талаптар бекітіледі.
Жаңалықтар
0