Инфографика

Ең кедей қазақстандықтар қай өңірде тұрады

Жазылу
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша, 2021 жылы ең жоғары кедейлік деңгейі Түркістан (9,8%) және Маңғыстау (8,6%) облыстарында тіркелді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ең аз кедей отбасы Нұр-Сұлтан қаласында (2,2%) екені анықталды.
Алматы қаласы рейтингтің бел ортасында орналасты – 5,2% . Сонымен қатар, республикада өткен жылы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі 5,3%-тен 5,2%-ке төмендеді. Ұлттық статистика бюросы қала мен ауыл тұрғындарының арасындағы табыстың айтарлықтай айырмашылығын атап өтті.
Қалаларда кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар көрсеткіші 3,8%, ауылдық жерлерде 7,2% екені анықталды. 2021 жылы қала мен ауылдағы кедейлік деңгейі арасындағы ең үлкен айырмашылық Атырау (9,1 есе) және Маңғыстау (4,3 есе) облыстарында байқалды.
Ұлттық статистика бюросының Еңбек статистикасы және өмір сүру деңгейі департаментінің директоры Наталья Белоносова кедейлік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысты тұтынуға пайдаланған халықтың санына халықтың жалпы санының проценттік қатынасымен анықталатынын түсіндірді.
"Қазақстан Республикасында 2021 жылы жан басына шаққандағы орташа күнкөріс деңгейі 37 266 теңгені құрады. Бұл ретте әр аймақтағы өмір сүру деңгейі жекелей есептеледі", - деді ол.
Жаңалықтар
0