Шығыс Қазақстанда екі орман алқабы өртеніп жатыр

© Sputnik / Aerial Forest Protection Service / Медиабанкке өтуөрт
өрт - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.05.2022
Жазылу
Қатты желден жалын тез тарап, өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр — Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында бірден екі орман алқабында өрт шықты.
Біріншісі Құлжа мемлекеттік табиғи қорық аумағында тіркелді. Ол жерде құрғақ шөп пен бұталар жанып жатыр. Өрттің болжамды аумағы – 100 гектар.
Екінші өрт Ақбұлақ орман шаруашылығының аумағында 50 гектар жерді шарпыды.
Облыстың төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, өртті сөндіруді қиындатып жатқан факторлар бар. Олар – құм төбелер, жел және жақын маңда судың болмауы.
Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы орган мен орман шаруашылықтарының күші жұмылдырылды. Барлығы 149 қызметкер мен 28 техника тартылды.
"Өрт шыққан жерде МИ-8 ұшақтары жүр. Әуеден су жеткізу ұйымдастырылды. Бұдан бөлек отты сөндіруге "Қазавиаорманкүзеті" десанты, жергілікті орман шаруашылықтарының қызметкерлері мен құтқарушылар жұмылдырылды. Шұғыл қызметтердің жұмысын қатты жел қиындатып жатыр", - деген ақпарат таратты облыстың төтенше жағдайлар департаменті.
Бірінші кезектегі міндет жалынның таралуын тоқтату болып отыр. Өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Жаңалықтар
0