Түркістан облысының тұрғыны әйелін 4 балаcының көзінше ұрып өлтірді

© Sputnik / Тимур Батыршинтұмыстық зорлық-зомбылық
тұмыстық зорлық-зомбылық - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.05.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр — Sputnik. Түркістан облысында ер адам әйелін өлімші етіп ұрып, төрт баласын анасынан айырды.
Бұл туралы "НеМолчи" қорының басшысы Дина Таңсәрі жазды.
"Төрт бала анасының өліміне куә болды, әйел өлтірілді, күл-талқаны шыққан тағдыр, мемлекет қайтадан кісі өлтірушінің түрмедегі тіршілігіне, төрт жетім үшін ақша төлейді, бірақ сіздер естімейсіздер де, көрмейсіздер де. Ал мұның барлығы салық төлеушілердің қаражаты", - деп жазды Таңсәрі әлеуметтік желіде.
Пост астына Түркістан облысының полициясы бұл фактіні растап пікір қалдырды. Құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, 2022 жылдың 29 сәуірінде түнде Ордабасы ауданында жергілікті тұрғынның кісі қолынан қаза тапқаны туралы хабарлама келіп түсті.
"Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері отбасылық жанжал кезінде ер адам әйелін соққыға жыққанын, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмғанын анықтады", - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті қылмысын мойындады. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі "Кісі өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тәркіленген заттай деректер сараптамаға жолданды.
"Күдікті Ордабасы ауданының тұрғыны полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрмаған. Бұған дейін көрші немесе туыстарынан қандай да бір шуға қатысты шағым түспеген", - деп мәлімдеді полиция.
Әкімдік өкілдері мен полиция бөлімінің басшылығы марқұмның туыстарымен жолығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ерлі-зайыптының ата-аналары кәмелет жасына толмаған төрт баланы өз қамқорлығына алатындарын жеткізді. Балаларға психологиялық көмек көрсетілген. Әкімдік пен полиция бөлімі отбасыға барлық қажетті көмек көрсетуге уәде етті.
Ал Дина Таңсәрі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованы "шара қолдануға" шақырды. Ол кісі өлімі кезінде балалар үйде болғанын мәлімдеді. Отбасындағы үлкен қыз полицияға үш рет хабарласқан, бірақ олар тұтқаны көтермеген. Құқық қорғаушылар қоңырауды қабылдаған кезде әйел өлі болған.
Көршілердің айтуынша, күдікті ішімдік ішіп, есірткі қолданған. Оның әйелінің бет-аузы, денесі соққыдан үнемі көгеріп жүрген. Ал пәтерден ұрыс-айқайдың дыбысы жиі естілген.
Жаңалықтар
0