Синоптиктер мамырда ауа райы қандай болатынын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневНұр-Сұлтан
Нұр-Сұлтан - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.05.2022
Жазылу
Ұзақ уақытқа созылған жылы ауа райынан кейін күн қайта суытып, түнгі уақытта тіпті үсік жүруі мүмкін
НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр — Sputnik. Қазгидромет мамырға ауа райы болжамын ұсынды.
Синоптиктердің болжамы бойынша, мамырда атмосфералық процестер көктемнен жазғы сипатқа ауысады. Алайда, ұзақ уақытқа созылған жылы ауа райынан кейін күн қайта суытуы, түнгі уақытта тіпті үсік жүруі мүмкін. Сәуірмен салыстырғанда мамырда Қазақстанның солтүстік жартысында, оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын жиі болады.
Мамырдың бірінші күні республиканың басым бөлігінде +20+28С, оңтүстігінде +33С-қа дейін ыстық ауа райы сақталады. Еліміздің солтүстік-батыс бөлігінде циклондардың жүруіне байланысты жаңбыр, кей уақытта күшті, екпінді жел, дауыл, бұршақ және ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Кейін мұндай ауа райы Қазақстанның басқа аудандарында да болады деп болжанып отыр.
Айдың бірінші жартысында циклондар мен антициклондардың ауысуы ауа райының құбылмалығына және ауа температурасының ауытқуына алып келуі ықтимал. Соның нәтижесінде республиканың батысында түнде +3+13С, солтүстікте 3С үсіктен +8+15С, күндіз +10+20С-тан +18+25С-қа дейінгі ауа температурасы тіркелуі мүмкін.
"Республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +5+15С-тан 0,+7С-қа дейін ауа температурасы төмендеп, кей уақытта 1-6С үсік жүруі, күндіз +18+25С-тан +8+18С-қа дейінгі ауа температурасы сақталуы мүмкін. Ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде +10+20С-тан +5+15С-қа дейін, күндіз +23+33С-тан +15+22С-қа дейінгі ауа температурасының бәсеңдеуі байқалады", - деп жазылған Қазгидромет хабарламасында.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, айдың екінші жартысында Иран аудандарынан жылы ауа массаларының қарқынды жылжуына байланысты республиканың солтүстік жартысында ауа температурасының біртіндеп +25, +35С-қа дейін, ал оңтүстік жартысында +30, +35С-қа, қиыр оңтүстік пен оңтүстік-батыста +40С-қа дейін жоғарылайды.
Мамырдың екінші жартысындағы жекелеген күндерде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жаууы ықтимал. Ал аптап ыстық күндіз +20+25С-қа дейін аздап төмендейді.
Қазгидромет ұсынған болжам бойынша, оңтүстік өңірлерде де қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай болуы мүмкін. Дегенмен ауа температурасы жоғары қалыпта сақталады.
Жаңалықтар
0