Референдум туралы заң: өткізу және дауыс беру тәртібі қандай

© Sputnik / Абзал КалиевНұр-Сұлтан қаласы
Нұр-Сұлтан қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. 1995 жылы қараша айында Қазақстанда "Республикалық референдум туралы" конституциялық заң қабылданған болатын. Содан бері Ата заңымызға төрт рет өзгеріс енгізілсе де, конституциялық түзетулерге қатысты халықтық референдум ұйымдастырылған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені ерекше атап өтті. Ал референдум демократияның маңызды институты болып табылады. Себебі ондай шара кезінде мемлекеттік маңызы бар мәселелерге қатысты тікелей халықтың пікірі ескеріледі. Тоқаев алдағы констициялық өзгерістер бойынша референдум өткізуді ұсынды. Sputnik Қазақстан 27 жылда алғаш рет іске қосылатын республикалық референдум туралы заңның негізгі нормаларын зерделеп, осынау маңызды шараны өткізу және дауыс беру тәртібін ұсынады.

Халық ұсыныс жасай алады

Заң бойынша Конституция, конституциялық заңдар, мемлекеттiк өмiрдің неғұрлым маңызды мәселелерi бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру, яғни, республикалық референдум ұйымдастыруға болады. Оны өткізу туралы бастаманы президент көтереді. Бірақ үкімет, парламент және халық оған ұсыныс жасай алады.
Референдум өткізу туралы шешім және қаралатын мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Ал референдум комиссиялары дауыс беретiн учаскелерді құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты, сондай-ақ референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы хабарлайды.
© SputnikҚазақстанда 2022 жылы референдум өтеді
Қазақстанда 2022 жылы референдум өтеді  - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2022
Қазақстанда 2022 жылы референдум өтеді

Республикалық референдум қай кезде өткізіледі?

Референдум өткізу үшін алдымен президенттің тиісті жарлығы шығарылады. Осы құжатта референдум өткізу мерзімі мен дауысқа салынатын мәселелер көрсетіледі.
Заңға сәйкес, референдум өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде ұйымдастырылады. Бұл дегеніміз, алдағы референдум 29 мамыр мен 29 шілде аралығында өтуге тиіс.
Бірақ президент ерекше жағдайларда оны өткiзудiң басқа мерзiмiн белгiлеуі мүмкiн.

Референдумда кім дауыс береді?

18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының барлығы ұлтына және нәсіліне қарамастан, референдумға қатыса алады. Екі санатқа кіретін адамдар ғана дауыс бере алмайды. Олар:
сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылғандар;
бас бостандығынан айырылғандар.
"Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады", - делінген конституциялық заңда.

Үгіт-насихат қалай жүргізіледі?

Қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтар референдумға шығарылған мәселелер бойынша жиналыс пен митинг өткізе алады. Заңмен бұқаралық ақпарат құралдарында жеке пiкiр бiлдiру құқығына да кепiлдiк берiлген.
Баспа материалдарында жауапты адамдар туралы толық мәлiметтер болуға тиiс. Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге және мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге үгiттейтін, сондай-ақ, анонимді үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Референдум өткiзiлетiн күнi және оған бір күн қалғанда үгiт-насихат жүргiзуге болмайды.

Бақылаушылар бола ма?

Қоғамдық бiрлестiктер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері референдумға бақылаушы болып қатыса алады. Бірақ олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен куәландырылады.
Байқаушыларға референдум комиссияларының жұмысына араласуға болмайды.

Дауыс беру тәртібі қандай?

Учаскелiк референдум комиссиялары кемінде он күн қалғанда азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарлайды. Әрбір адамға тізім бойынша бюллетень беріледі. Егер референдумға бiрден бiрнеше мәселе шығарылса, әр мәселеге арналған бөлек бюллетень болады, бірақ түсі басқаша. Бюллетень бірнеше жағдайда жарамсыз деп танылады. Олар:
белгiленбеген үлгiдегi болса;
комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаса;
бюллетеньде көрсетілген жауаптардың бiрде-бiреуi сызылып тасталмаса;
дауыс бергендердiң еркiн бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмағанда.
Ал барлық жауап сызылып тасталған бюллетеньдер жарамды деп танылады, бiрақ дауысты санау кезiнде есепке алынбайды.

Референдум нәтижесі қалай шығарылады?

Заң бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады. Олардың ішінде басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап, дауыс берсе, оң шешiм қабылданады. Сосын конституциялық заңда тағы бір тармақ бар.
"Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі", - делінген заңда.
Референдумның қорытындылары жетi күннің ішінде жариялануы шарт. Ал, ең бастысы, референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi. Ол үшін президенттің немесе мемлекеттiк органдарының актiлерiн қабылдаудың қажеті жоқ.
Жаңалықтар
0