Мәдениет

"Өңірлерде балет театры жоқ": балерина би өнерінің дамуы жайлы ойын айтты

© Photo : Мемлекеттік би театрының баспасөз қызметіБалерина Айнұр Мұқашева
Балерина Айнұр Мұқашева - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.04.2022
Жазылу
29 сәуір – халықаралық би күні. Кәсіби мерекеге орай мемлекеттік академиялық би театрының жетекші актері Айнұр Мұқашева сұхбат берді
АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Балет – қойылымның мазмұнын әуезді музыка мен ырғақты би арқылы жеткізетін әдемі өнер. Сұлулықты, кейіпкердің көңіл күйін, оның сүйіспеншілігін, қуаныш пен ашуын би тілі арқылы жеткізеді.
Елімізде балетмейстер және педагог Болат Аюхановтың есімі балет өнері саласымен қатар жүреді. Sputnik Қазақстан тілшісі 29 сәуір – халықаралық би күні қарсаңында Болат Аюханов жетекшілік ететін мемлекеттік академиялық би театрының жетекші актері Айнұр Мұқашевамен қазіргі балет өнері, классикалық бидің көрермені жайлы әңгімелесті.
- Айнұр, әңгімемізді сіздің қалай балерина болғаныңыздан бастасақ, бұл өнерге қалай келдіңіз?
- Балет өнеріне 9 жасымда келдім. Мені Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің мұғалімі мектебіме келіп таңдады. Үш кезеңнен тұратын конкурстан өтіп, училищеге қабылдандым. 15 жылдан бері осы салада жүрмін. Қазір Болат Аюханов жетекшілік ететін мемлекеттік академиялық би театрында жетекші солиспін. 3-сыныптан соң осы училищеге түсіп, 8 жыл бойы оқыдым. Оқу бітіріп, диплом алған кезде үш театр арасында таңдау жасау керек болды. Өзім Алматыда туып, өстім. Қалада Абай атындағы опера және балет театры мен Болат Аюхановтың театры бар. Сол кезде Болат Ғазизұлы мені өз театрына шақырды. Үшінші театр елорда орналасқан еді. Училищедегі педагогым "әлемді көргің келсе, Болат Аюхановтың театрына бар" деген кеңес берді. 2007 жылы осы театрға келдім, сол жылы гастрольдік сапармен Швейцарияға бардық. Әрі қарай қызығушылығым арта түсті. Солист болу үшін алдымен кордебалет билеу керек. Яғни, актерлер бірге топ болып билеп, әрі қарай өзіңнің физикалық мүмкіндіктеріңді көрсетесің. Содан кейін жеке орындауға мүмкіндік береді.
© Photo / Мемлекеттік би театрының баспасөз қызметіБалерина Айнұр Мұқашева
Балерина Айнұр Мұқашева - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2022
Балерина Айнұр Мұқашева
- Мемлекеттік академиялық би театрына мәдениет министрлігі тарапынан көңіл бөлініп отыр ма?
- Сіздер дайындық жүргізетін ғимараттың шағын және ескі екенін байқап отырмыз. Ғимарат кішкентай, өз сахнасы жоқ. Гастрольге шығатын труппа болғандықтан, біз үшін ең маңыздысы – дайындық. Ал дайындыққа осындай кішкентай ғимарат та жетеді. Көп жағдайда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өнер көрсетеміз. Мамырда Семей, Өскеменге гастрольдік сапармен барамыз. Алматыда өз сахнамыз болса деген қалауымыз бар. Бұл айтылып та жатыр. Бұл мәселенің қай сатыда тұрғанын білмеймін, себебі мұнымен театр әкімшілігі айналысады. Ал актер ретінде, әрине, жеке сахнамыз болғанын қалаймын.
- Балет өнері өңірлерде қалай дамып жатыр?
- Алматыдан бөлек елордада Astana Ballet театры және "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театры бар. Шымкентте де бір театр жұмыс істейді. Білуімше, басқа өңірлерде балет театры жоқ. Басқа қалаларда әлі дамымаған. Алайда хореографиялық училищеге балаларды дайындайтын шағын студиялар бар. Арасында училище қызметкерлері болашақ балет актерін іздеу үшін ауылдарды аралайды. Балет өнерінде бағын сынағысы келетін бала Алматы, астанаға келуі керек. Ал ол балалардың саны артуы үшін училищенің, елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясының жарнамасы да жақсы болғаны жөн. Биге икемі бар ауылдағы балаға ата-анасы ірі қалаларда арнайы оқу орны бар екенін, мұны бітірген соң балет актері болатынын түсіндіруі керек. Бірақ бұл әдемі мамандықтың иесі болу үшін конкурстан өтіп, оқуға түсуі керек. Училищенің жатақханасы бар. Мен Алматыда туып-өссем де, жатақханада тұрдым. Себебі сабақ таңғы 8-де басталады, кешкі сағат 8-де бітеді. Қараңғы түсіп кететін болғандықтан, анам жатақханаға тұрғызды. Оқу тегін, бірақ жатақханаға ақша төлеу керек.
© Мемлекеттік би театрының баспасөз қызметіБалерина Айнұр Мұқашева
Балерина Айнұр Мұқашева - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2022
Балерина Айнұр Мұқашева
- Сіз жұмыс істеп келе жатқан 15 жылда балет өнері қалай өзгерді?
- Қойылым ғана өзгереді. Жаңа қойылымдар көбейді. Болат Аюхановтың қойылымдары жыл сайын басқа көзқараспен қаралып, толықтырылады. Менің алғашқы жеке партиям – "Кармен". Ол осы театрдың маржаны. Актер сахнадан мүлде кетпей, 30-35 минут өнер көрсетеді. Менің анамның арманы – мені сахнада "Қыз Жібек" рөлінде көру. 2 мамырда Абай атындағы опера және балет театрында "Қыз Жібек" желісі негізінде "Гәк-ку. Аққудың көз-жасы" екі актілі балеті қойылады. Бұл қойылым жаңартылған құрамда көрсетіледі. Мен екінші құрамда Қыз Жібектің рөлін сомдаймын. Әдетте әр қойылымға бір ай дайындаламыз, бұл қойылымға екі апта уақыт берілді. Бұл өте аз уақыт, бірақ біздің актерлер бәрін істеп жатыр. Қазір күн сайын дайындық таңғы 10-да басталып, кешкі 6-ға дейін жалғасады.
- Классикалық биге үйрену кезінде қандай қиындық болады?
- Би театрында Болат Аюханов қойған партияларды билейміз. Болат Ғазизұлы қойған балеттің қимылы өте жылдам, сол жағынан қиындық болды. Сондай-ақ ол кісі музыканы жақсы меңгерген. Музыканы естімесең, жұмыс істеу қиын. Ол кісі музыкаға деген сүйіспеншілігін маған да дарытты. Музыканы сезінуді үйретті. Дайындық кезінде көрермен ретінде баға береді. Басыңды сәл солға бұрсаң, ол басқа қалып, басқа тұрыс. Басыңды бір сантиметр төмен не жоғары қойсаң, тұрыс өзгеріп кетуі мүмкін. Балетті қою үш кезеңнен тұрады тұрады. Алдымен – қимыл ретін жаттау. Екінші – физикалық дайындық. Үшінші – образға ену. Билеген кезде балетті алғаш рет тамашалауға келген көрермен оқиғаға, актерге сенуі керек.
© Photo : Мемлекеттік би театрының баспасөз қызметібалерина Айнұр Мұқашева
балерина Айнұр Мұқашева - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2022
балерина Айнұр Мұқашева
- Балет өнерінің негізгі көрермені кім?
- Балетте тіл жоқ, яғни келетін адамның ұлты маңызды емес. Тіпті жас та талғамайды. Бұл – әлемдік өнер. Театр болғандықтан, бір рет көргісі келетіндер бар. Іздеп жүріп тамашалайтындар бар.
- Жыл сайын би театрына қанша жас актер келеді?
- Театрда салыстырмалы түрде қыз бала көп, бірақ биыл келген актерлер арасында қыз бен жігіт тең. Биыл бізге 12 актер қосылды. Бұл біздің труппа үшін жеткілікті.
- Балет актерлері қаржыдан қысылмай ма?
- Пандемиядан кейін қойылым саны да артып жатыр. Гастрольдік сапарға барған кезде актерлерге тәулік үшін қаржы төленеді. Мұның бәрі қарастырылған. Актерлердің жалақысы көп деп те, аз деп те айта алмаймын. Жетеді. Әрине, көбейтсе жақсы болар еді. Бұл келешекте қарастырылады деген ойдамын. Себебі қиын әрі әдемі мамандық иелері жоғары жалақы алса, бұл өнерге келетіндер көбейіп, жарты жолда қалдыратындар азаяды.
- Балеринаға, балет актері үшін жас жағынан шектеу бар ма?
- Бұл әр мамандықта болады. Біздің мамандық сахнада жас болып жүруді талап етеді. Бұл жас әртістердің мамандығы. 20 жыл осы салада жұмыс істегеннен кейін жәрдемақы беріледі. Маған енді 5 жыл бар, бірақ әлі де билеймін деп ойлаймын. Өз қалауым бойынша театрда жастарды тәрбиелей аламын.
- Көрермен балетке не үшін келуі керек?
- Әр адам өзі үшін келуі керек, күйбең тіршілікті ұмытып, айналамызда болып жатқан жайттың бәрін ойдан бір сәтке шығарып, демалу үшін келуі керек. Балет – басқа өмір. Сахнадан басқа өмірді көресің, басқа адамдардың оқиғасын тамашалайсың. Ең алдымен адам мұнда құлағы және көзі арқылы демалады. Себебі әдемі музыка қосылып тұрады. Балет – мәдени демалыс.
- Әңгімеңізге рахмет!
Жаңалықтар
0