Алматыда танымал музыканттар есірткі сатқаны үшін сотталды

© Sputnik / Тимур БатыршинMAD MEN тобы
MAD MEN тобы - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.04.2022
Жазылу
Олар Алматы аулаларында есірткі бумаларын жасырып, оның бағасы туралы ақпаратты чаттарда жариялап отырған
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір — Sputnik. Mad Men атты Q-pop тобының қатысушылары сату мақсатында психотропты заттар мен есірткі дайындағаны және сақтағаны үшін ұзақ мерзімге түрмеге жабылды. Музыкалық топ мүшелеріне 15-17 жыл аралығында жаза мерзімі тағайындалды, деп хабарлады Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сот анықтағандай, 2020 жылдың қыркүйегінде Х. есімді азамат құрамына алты адам кірген қылмыстық топ құрған. Олар мефедрон аналогын дайындап, оны гашишпен бірге таратқан.
Х. топтағы әрбір адамға белгілі бір жұмысты міндеттеп қойған: ал өзі мефедрон дайындауға қажетті компоненттерді сатып алып, есірткі сатып алушылармен келіссөз жүргізген.
Топтың басқа мүшелері зертхана ретінде жабдықталған Алматыдағы коттедж жертөлесінде психотропты зат дайындап, осы жертөледен есірткіні бумаларға бөліп ораған. Ал есірткі бағасы туралы ақпаратты арнайы құрылған сайттар мен чаттарда жариялаған.
Қылмыстық топ мүшелері есірткі бумаларын қаланың қоғамдық орындарында жасырумен айналысқан.
"2021 жылдың 14 сәуірінде топтағы М. есімді азамат заңсыз дайындалған ірі көлемдегі, екі бумаға оралған мефедронды алып, Алматы аулаларына жасырған. Дәл осы күні аталған бумаларды полиция қызметкерлері анықтап, тәркіледі", - деп атап өтті сот.
2021 жылдың 20 сәуірінде жоғарыда аталған коттедж жертөлесін, сондай-ақ үйлердің біріндегі сарайды тінту барысында аса ірі көлемдегі психотропты заттар, оларды дайындауға арналған жабдық пен компоненттер және ірі көлемде гашиш табылып, тәркіленді. Сонымен қатар М. үйінің ауласындағы тастың астынан ірі көлемде екі мефедрон бумасы табылды.
Сотта прокурор қылмыстық топтың жетекшісіне 18 жыл, ал басқа қатысушыларына 17 және 17,5 жыл жаза мерзімін тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен Х. ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, ұйымдасқан топ құрамында электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы сату мақсатында аса ірі көлемде психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, аса ірі көлемде есірткі құралын сақтау бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды.
Топтың басқа мүшелері электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы сату мақсатында аса ірі көлемде психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, сату мақсатында аса ірі көлемде есірткі құралын сақтау бойынша кінәлі деп танылды.
Олардың үшеуіне 16 жыл жаза мерзімі тағайындалса, қалған қатысушылар 15 жыл 3 ай мерзімге абақтыға жабылды.
Сотта түсіндіргендей, сотталушылардың жасы мен бұған дейін сотты болмауы олардың жазасын жеңілдететін жағдай ретінде қаралды. Ал С. есімді азаматтың өз кінәсін ішінара мойындауы да жеңілдететін фактор ретінде есепке алынған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың мамыр айында қазақстандық Mad Men музыкалық тобының мүшелері ұсталды. Оларға сол кезде қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша айып тағылды.
Жаңалықтар
0