Азия чемпионатында топ жарған балуандар елге оралды

© Photo : Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтыМадина Бақбергенова мен оның жеке бапкері Нұрсұлтан Теміровті жанкүйерлері қошеметпен күтіп алды
Мадина Бақбергенова мен оның жеке бапкері Нұрсұлтан Теміровті жанкүйерлері қошеметпен күтіп алды - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.04.2022
Жазылу
Күрес түрлерінен Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтті
НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Азия чемпионатында топ жарған Мадина Бақбергенова мен оның жеке бапкері Нұрсұлтан Теміровті жанкүйерлері ыстық ықыласпен, қошеметпен күтіп алды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әйелдер күресінен Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасы Азия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады. Елордалық спортшылар 2 алтын 1 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, әпкелі-сіңлілі Мадина мен Жәмила Бақбергеновалар қарсылас шақ келтірмеді. Ал Жұлдыз Әшімова Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
68 келіде белдескен Мадина Бақбергенова финалда 2:1 есебімен жеңіліп тұрып, белдесу соңына қарай ұтымды әдіс жасап есепті алға жылжытты. Нәтижесінде белдесу соңында жерлесіміз қарсыласынан 3:2 есебімен жеңісті Олимпиада ойындарының жүлдегері Мейірім Жұманазаровадан жұлып алды. Осылайша елордалық балуан Мадина Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионы атанды.
Жәмила аталған жүйе бойынша барлық қарсыласын бірдей жеңіп, уақытынан бұрын алтынға қол жеткізді. Бұл Жәмила Бақбергенованың Азия чемпионатындағы екінші алтыны. Ол осыған дейін 2020 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында үздік атанған.
Чемпионаттың қола медалі үшін өткен белдесуде елордалық Жұлдыз Әшімова Өзбекстаннан келген Ақтенге Кунимжаеваны 5:1 есебімен жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Осылайша, ол спорттық карьреасында сегізінші рет сары құрлықтың медалін мойнына тақты.
Жәмила мен Мадинаның жеке бапкері нәтижеге көңілі толғанын атап өтті.
"Азия чемпионатына дайындық жақсы өтті. 15 күн қалған кезде біз дайындықты Моңғолияның астанасы Ұлан-Батор қаласында өткіздік. Біздің құраманың оқу-жаттығу жиыны алдын ала сол жақта өтті. Жарыста жоғары нәтиже көрсеткеніміз, осы дайындықтың болуының бірден-бір себебі. Аллаға шүкір екі спортшым да Азия чемпионы атанды. Төккен еңбек босқа кеткен жоқ. Қыздарым – Мадина мен Жәмила үмітімді ақтады. Алда әлі де үлкен жарыстар бар. Оған енді білек сыбанып дайындаламыз. Қазақтың көк туын желбірету біздің бірінші арманымыз", - дейді бапкер Нұрсұлтан Теміров.
Ұпай санымен есептегенде отандастарымыз екі алтын жүлдемен 3-орынға жайғасты.
Туған елге оралған Мадина жанкүйерлерінің қолдауын ерекше сезінгенін жасырмады.
"Шүкір, алға қойған максатыма жеттім. Дайындығымызды осы елде шыңдадық. Моңғолияда екі апта оқу-жаттығу жиыны өтті. Бабымда болдым. Біз әр қарсыласымызға жеке дайындалдық. Бапкерім әрқайсысына қарсы тактика қойып берді. Сол әдістерді ұстанып күрестім. Бапкерімнің кеңестерін ескердім. Алдымызда үлкен жарыстар күтіп тұр, соларға жақсылап дайындалуды жоспарлап отырмын", - деді Азия чемпионы Мадина Бақбергенова.
Айта кетейік, күрес түрлерінен Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтті. Спортшылар өздерінің салмақ дәрежесінде барлық балуандармен әр айналымда белдесіп, дөңгелек айналым жүйесі бойынша жеңімпазды анықтады.
Енді жеңімпаздар аздаған демалыстан соң Азия ойындары мен ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына, халықаралық үлкен жарыстарға дайындықты бастайды.
Жаңалықтар
0