Қазақстанда неге ғылым мен мал шаруашылығы бір-бірінен бөлек дамып жатыр

© Sputnik / Александр Кондратюк / Медиабанкке өту иллюстрациялық сурет
 иллюстрациялық сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
Жазылу
Сарапшылар елдегі мал шаруашылығы қалай дамып жатқанын, ғалымдар қандай жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтты
АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Қазақстанда бизнес пен ғылым бір-бірінен бөлек дамып жатыр. Мұны ғалымдар бизнес ғылыми зерттеулерге инвестиция салғысы келмейтінімен байланыстырды, кәсіпкерлер қазақстандық ғылым қағаз жүзінде іске асып жатқанын алға тартты.
Елімізде мал шаруашылығындағы ғылыми зерттеулер қалай дамып жатыр, не себепті бұл салада ғылыми зерттеулер жүргізу қажет және неге зерттеу жұмыстары тәжірибеде қолданылмайтынын Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардан сұрады.

Мал шаруашылығында ғылымға орын бар ма

Қазақстандық фермер, "Береке" шаруашылығының директоры Жәнібек Кенжебаев 2019 жылы студенттерді тәжірибеден өткізуді ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және оларды шаруашылығында қолдану туралы ұсыныс жазып, 30-дан астам жоғары оқу орнына хат жолдаған.
Отандық тауар өндіруші ретінде қазақстандық ғылымды қолдағысы келген, тіпті шығынның бір бөлігін өз мойнына алуға дайын болған. Ол дамыған елдерде мұндай ұсынысхатқа жүздеген жауап келетінін айтады. Алайда елімізде оның хатына үш жылда тек Қостанай өңірлік университеті жауап берген.
© Жәнібек Кенжебай1
1 - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
1
Нәтижесінде оқу орнының ғалымдары шаруашылықта Қалмақ жылқысын өсіруді зерттеген.
"Ауыл шаруашылығы мамандықтарының түлектері қайда? Маман тапшы болатындай елімізде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы дамып кеткен бе? Институттар жеткілікті, көптеген кәсіпкер бұл бизнеске инвестиция салғысы келеді. Мал өсірушілерге тың зерттеулер қажет, бірақ неге мұндай тапшылық туындағаны түсініксіз", – дейді ол.
Жәнібек Кенжебаев ғылым бизнестің негізі болуы керек және мал шаруашылығында тек кәсіби және кәсіпкерлік көзқарас қана емес, ғылыми көзқарас та қажет деп санайды. Ол фермерлердің қазақстандық мамандардың жұмысын қолданғысы келетінін, сол арқылы кей жұмысты қарапайым жолмен шешкісі келетінін айтты.
"Қазақстанда ғылым мен бизнес бір-бірінен бөлек жұмыс істеп жатқаны белгілі. Олардың өз міндеті бар: олар кей жобаны жүзеге асырады, оны қорғайды, сынама жасайды, сонымен болды. Ғылым көп жағдайда қағаз жүзінде іске асады. Өзіміз отандық зерттеу жүргізбесек, ғылымды бизнеспен біріктірмесек, онда елдегі бизнес үнемі шет елден келетін техниканы пайдаланады", - дейді Жәнібек.
Ол ірі қараны дәрілейтін кезде қолданылатын арнайы станокты мысал етті.
"Жартылай автомат немесе автомат станокты тек шетелден сатып алуға болады. Оның бағасы 10 мыңнан 100 мың долларға дейін жетеді. Егер біздің ғалымдарымыз осындай машиналарды жасап, сынақтан өткізіп, іске жарайды деп айтса, мұндай құрылғыны бірінші болып сатып аламын", – дейді фермер.
© предоставлено Жанибеком КенжебаевымСтанок
Станок для обработки животных - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
Станок
Сондай-ақ фермер мал шаруашылығымен айналысатындар малды жоғалту, оны іздеу мәселесімен жиі бетпе-бет келетінін айтады.
Айтуынша, мал көп жағдайда жоғалып кетеді, қолды болады, тіпті далада арам өледі. Ал малды санауға, жоғын табуға көп күш жұмсалады.
"Қазір мал шаруашылығымен айналысатындардың 99%-ы малды ойша санайды. Ал негізі қораның есігінен кірген-шыққан малды есептеп тұратын тері астындағы чип болуы керек. Қазақстанда малдың құлағына тағатын сырға бар, бірақ ол сиыр мен уақ малға пайдаланылады. Жылқы үшін тері астына чип орнату әдісін қолдану керек. Ал малдың жүрген жерін бақылап отыруға спутник сигналын пайдаланатын жетілдірілген технология қажет. Қазір мұндай отандық өнім жоқ. Кейде бір ғалымдар тобының қандай да бір құрылғыны ойлап тапқаны туралы оқимыз, бірақ оның сатылымға шыққан-шықпағаны да белгісіз болып кетеді", - дейді ол.
Фермер ветеринарлық препараттар мен вакциналар да басқа елден жеткізілетінін айтады. Біздің шаруашылықта қолданылатын вакцинаның 90%-тен астамы шетелде өндірілген, тек үш вакцина Қазақстанда жасалған, деп нақтылады Жәнібек Кенжебаев.

Ғылым мен бизнесті кім байланыстырады

Жәнібек Кенжебаевтың сөзінше, Қазақстанда ғылыми зерттеулер жүргізіледі, бизнес те өз бетінше дамып жатыр, алайда олардың арасында байланыс жоқ. Оның пікірінше, ғылыми жобаларды қаржыландыратын венчурлік компаниялар байланыстырушы көпір бола алады.
"Қазақстанда жалпы сипаттағы венчурлық компаниялар бар, бірақ салалық компания жоқ. Қазақстанда ауыл шаруашылығы венчурлық қоры пайда болғанын қалаймын. Ол бизнес пен ғылым арасындағы байланысты орнататын көпір бола алар еді", – дейді фермер.
Сондай-ақ ол елімізде мал шаруашылығын үйрететін қысқаша курс, мастер класс жоқ екенін айтады. Шаруашылық үшін қай жабдықты сатып алуға, қандай жануарды өсіруге, оны қайда сатуға және қалай емдеуге болатыны туралы кеңес беретін консалтингтік компаниялар да табылмайды.
© фото предоставлено Жанибеком Кенжебаевымшөп
Стог сена - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
шөп
Жәнібек мал шаруашылығы дамығанын қалайды, себебі бәсекелестік бар жерде сапа да артады, шаруашылық та дамиды.
Ол 2018 жылдан бастап "Береке" шаруашылығының директоры; мал шаруашылығына келгенге дейін ол it-жобалармен, косметика өндірісімен айналысқан. Ферманың өзі 2016 жылы құрылған, Қостанай облысында елді мекеннен қашықта орналасқан.
"Маған мал шаруашылығымен айналысу туралы ұсыныс түскен кезде өзімді осындай күрделі жобада сынап көргім келді. Төрт жыл ішінде біз мал басын екі есеге арттырдық. Қазір 6 мыңға жуық ірі қара мал, уақ мал, жылқы бар", – дейді ол.
© предоставлено Жанибеком Кенжебаевымсиыр
Коровы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
сиыр
Бұл істі бастағанда қала тіршілігінен бірден ауылдық жерге үйрену қиын болған. Мамандарды жұмысқа тарту да қиындық тудырған, себебі бұл салада жұмыс істеп үйренген маман тапшы, бұл істі ұршықша иіретіндердің тұрақты жұмыс орны бар.
© фото предоставлено Жанибеком Кенжебаевымауыл
Село ночью - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
ауыл
"Мал шаруашылығы – өте күрделі іс. Шаруашылықтағы ең маңызды адам – малшы. Барлық жұмыс соған байланысты: малды қалай бағады, қандай жайылым тиімді, қай төлді келер жылға қалдыру керек деген сұрақтар өнімділікке әсер етеді. Мал қысқа азып-тозып кірсе, шығын болуы мүмкін. Арасында ауру шыққанын да дереу байқамаса, тарап кету қаупі де жоғары. Боранды күні қасқырға жем болуы да мүмкін. Малшы осының бәрін ойластыратын адам", - дейді ол.

Қазақстанда қандай зерттеулер жүргізіледі

Торайғыров университетінің профессоры, академик Төлеген Асанбаев – төрт патенттің иесі. Жылқытанушының еңбегі қазақтың жабы типті жылқыларын өсіруге, көбейтуге бағытталған.
Ғалым Қазақстанда жылқы шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Кеңес заманында Қазақстанда шамамен 1,5 миллион жылқы болса, қазір 3 миллион 400 мың бас жылқы бар. Жылқы бағу аймағы мен жайылымы, жем-шөпке қарай әр өңірде жабы, адай жылқысы секілді қазақтың жылқыларының түрлері пайда болған.
© фото предоставлено Жанибеком Кенжебаевым2
2 - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
2
Қазір ғалымдар тобы Асанбаевтың басшылығымен Павлодар облысы бойынша асыл тұқымды мал өсіретін он шаруашылық құрды. Студенттерінің бірі жабы жылқысының сүтін көйбейту жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр.
"2015 жылы Павлодар облысы Май ауданындағы "Ақжар-Өндіріс" шаруа қожалығында қазақы жылқы тұқымын өсіретін жылқы зауытын құрдық. Шаруашылықта 2 мыңға жуық бас бар. Жабы типтес қазақы жылқы өсірілді. Жерге байланысты оған "Бестау жылқысы" деген ат берілді. Сол "Ақжар-Өндіріс" базасында Тапал және Дөнт деген айғыр өндірушілердің тағы екі зауыт желісін құруды жоспарлап отырмыз. Барлық қажетті құжат бар, жазғы демалыс кезінде оларды ауыл шаруашылығы министрлігі мен әділет министрлігіне мақұлдауға жібереміз", – деді ғалым.
© предоставлено Жанибеком Кенжебаевымжылқылар
Лошади породы жебе (жабы) - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2022
жылқылар
Жылқы шаруашылығымен қатар ғалымдар тобы "Ақжар-Өндіріс" фермасында Алтай тау ешкісін өсіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2000 жылдары шаруашылық мұндай ешкінің 600 басын сатып алған, қазір ол 6 мыңға жетті.
"Осы шаруашылықта ешкінің осы тұқымының бейімделуін, өсуін зерттедік. Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы басқа фермаларға бұл тұқымды қалай көбейтуге болатынын көрсеттік. Қазір Алтай тау ешкісін өсіретіндер көбейді", - дейді Төлеген Асанбаев.
Енді ғалым қазақ жылқысының сүтті түрін өсіруді ойластырып жүр. Әлемде сүтті сиырлар, қой мен ешкілер бар, бірақ сүтті жылқы тұқымының түрі жоқ.
"Бес жылдан астам уақыттан бері жекелеген шаруашылықтарда жылқының жергілікті қазақы тұқымын Алтай тау айғырларымен будандастырып келеміз. Көбеюі қиын болғанымен, бұл түрі Қазақстанның климатына тез бейімделеді. Қыстан да жақсы шығады. Будандастыру арқылы сүт көлемін арттырдық, соның негізінде қазақ жылқысының сүтті түрін өсіргіміз келеді", - деп түсіндірді ғалым.
Қазір павлодарлық ғалымдар жылқының сүтті тұқымын өсіру бойынша Орал, Ақтөбе, астанадағы әріптестерімен байланысып, жұмыс істеп жатыр.

Неге зерттеулер тәжірибеде қолданылмайды

"Шопан-ата" қой өсіру қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев ғылымды тәжірибеге енгізу бойынша жүйелі өзгерістер қажет деп санайды.
"Осы салада Гэмпшир қойының тұқымы негізінде қойдың сирек кездесетін тұқымын көбейттік. Оған бірнеше жыл кетті. Ғылымға сүйеніп жұмыс істейтін барлық фермер ғалымдарды моральдық және қаржылық жағынан қолдауға тырысады. Бірақ аграрлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тұрған кезде ғылымнан не күтуге болады? Ғалымдар аз қаржы бөлінген жағдайда да құнды дүние жасауға тырысады. Соған байланысты ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жұмысына көңіл толмайды", – дейді ол.
Оның айтуынша, былтыр оған бір ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымдары шаруашылықта жобасын сынап көруді сұраған.
"Олар жыл сайын қаржы алу үшін конкурсқа қатысып, грантқа өтінім беретіндерін айтты. Алайда жыл сайын грантты осы салада біраз жылдан бері жұмыс істеп жүрген адамдар алады. Жас ғалымдар "бізге көп қаражат қажет емес, құрылғыны фермаға қойып, оны біраз уақыттан кейін тексереміз" деді. Ал бұл жастар шетелде оқыған", - деді Алмасбек Садырбаев.
Айтуынша, ол 2020 жылы ғылыми зерттеулер үшін қаржы бөлетін ұлттық ғылыми кеңестің құрамына кірген. Сол кезде неге мұндай жағдай болатынын түсінген.
"Кеңесте беске жуық адам болды, олар кеңестің тұрақты мүшесі. Олар лоббизммен, белгілі бір жобаларды алып қоюмен айналысып, Ұлттық кеңестің жұмысына нұқсан келтірді. Барлық жоба бойынша пікірімді білдірдім, лайықты деп санайтын жобаларға дауыс бердім. Шетел сарапшылары қолдаған қызықты жобасы бар жас ғалымдар келеді. Соның бәрін көріп отырып, кеңестегі жұмысымды әрі қарай жалғастыра алмадым. Сондықтан бір жарым айдан кейін кеңес құрамынан шықтым", – дейді ол.
Алмасбек Садырбаев ғылымды қаржыландыру біржақты емес, мемлекет тарапынан жүргізілуге тиіс деп санайды.
Қандай жобаға қаражат бөлу керек екенін бизнес таңдауға тиіс, деп қорытындылады ол.
Жаңалықтар
0