Қоғам

"Жалға алатын үй төлемінің жартысын мемлекет өтейді": маңызды 10 сұрақтың жауабы

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуПәтер кілті
Пәтер кілті - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.04.2022
Жазылу
Sputnik Қазақстан жалдамалы пәтерге субсидия алу бойынша маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады
НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Қазақстанда үйді жалдап тұратын адамдардың шығынын мемлекет есебінен өтеу жүйесі іске қосылды. Ай сайынғы төлемнің жартысы бюджет есебінен жауып отырады. Бүгінде Отбасы банкі өтінімдерді онлайн қабылдайтын арнайы платформаны тестік режимде іске қосты.
Жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге арналған ақша кімге беріледі?
- Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдау шаралары тек төрт санатқа кіретін және баспана кезегінде тұрған қазақстандықтарға ұсынылады. Олар: I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, сондай-ақ, көпбалалы отбасылар.
Жалға алынған пәтердің барлық ақысы төлене ме?
- Жоқ, мемлекет тарапынан жалдамалы пәтерге төленетін ақының 50 проценті, яғни, жартысы өтеледі.
Өтінім беретін адамдардың төлем қабілеттілігі тексеріле ме?
- Иә, отбасының соңғы 6 айдағы орташа табысы әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 36 018 теңгеден аспауға тиіс. Мысалы, үйде төрт адам болса, барлық отбасының табысы 144 072 теңгеден (4×36 018) артық болмауы шарт.
Өтінім қабылдау басталды ма?
- Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялауға өтінім қабылдайтын платформа сынақтан өтіп жатыр. Отбасы банкі 17 000 мың адамға тестілеуге қатысу туралы SMS-шақырту жіберді. Олар сәуір айының ішінде онлайн режимде өтінім беріп, банк мақұлдауын алуы қажет. Ал мамыр айында бағдарлама шарттарына сәйкес келетін барлық қазақстандық өтінім жібере алады.
Өтінім қалай жіберіледі?
- Otbasybank.kz порталында ("Баспана маркет" маркетплейсі) "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімі бар. Сол жерде өтінім онлайн режимде жіберіледі. Оны электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен рәсімдейді. Сондықтан ЭЦҚ-ны алдын ала дайындап қою қажет. Сондай-ақ, мамандар қолданыстағы ЭЦҚ-ның мерзімін тексеріп алуға кеңес беріп отыр. Субсидия алуға үміткер адамның Отбасы банкінде депозиті болуы шарт. Оны бейнебанкинг қызметі немесе "Otbasy bank" мобильді қосымшасы арқылы ашуға болады.
Жаңа бағдарламаға қанша адам қатыса алады?
- Үкіметтің жоспарына сәйкес, жаңа бағдарламамен, шамамен, 70 000 адам қамтылады. Ол үшін барлығы 50 миллиард теңге қарастырылған. Соның ішінде 40 миллиард республикалық бюджеттен бөлінсе, жергілікті әкімдіктер 10 миллиард береді. Бюджет қаржысы мамыр айында бөлінеді. Сол кезде платформада жаппай өтінім қабылдау басталады.
Отбасының ай сайынғы табысы қалай тексеріледі?
- Өтінім берген адам электронды цифрлық қолтаңбасын қойғаннан кейін жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Ақпараттық жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында "қонақ" ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Содан жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
Өтінім мақұлданған соң не істеу керек?
- Өтініш мақұлданған жағдайда хабарламада жіберіледі. Онда жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі. Сосын "Пәтер иесі туралы деректер" бөлімінде жалға берушінің ЖСН-ін немесе БСН-ін көрсету керек. Содан кейін үйді жалға беретін өз құжаттарын жүктеуі керек.
Үйді жалға беруші қандай құжаттарды жібереді?
- Жалға беруші де бәрін онлайн режимде жасайды. Алдымен otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде жеке деректерін растайды. Ол да жеке деректерін жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қояды. Одан кейін жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсету керек. Ақпараттық жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығарды. Оған жалға беруші және жалға алушы ЭЦҚ-мен қол қояды. Отбасы банкі жалдамалы тұрғын үйдің субсидиясын жалға алу шартының мерзімі аяқталғанша ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ, жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат бар. Бірақ otbasybank.kz порталында қайтадан өтініш беру процесінен өту керек болады.
Жақын туыстардың үйін жалдауға бола ма?
- Субсидиямен төленетін баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, соның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптының туыстарынан жалға алуға тыйым салынған. Жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды тоқсанына бiр рет тексеріп отырады. Ал Отбасы банкі жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалайды.
Жаңалықтар
0