Сенаторлар ағаш отырғызды

Жазылу
Мәулен Әшімбаев депутаттар мемлекет басшысының экологияға қатысты тапсырмаларын орындауға дайын екенін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Сенат депутаттары мен палата аппаратының қызметкерлері дәстүрлі жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Олар елорданың Қошқарбаев және Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында, Әзірет Сұлтан мешітінің жанында жүзден астам қарағай, қайың, балқарағай ағашын отырғызды, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.
Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев экологиялық проблемаларды шешу жалпыұлттық күн тәртібіндегі негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
"Қазіргі таңда елімізде президентіміздің бастамасымен "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Соның аясында ауаның сапасын жақсарту, 2 миллиард ағаш отырғызу, өзен-көлдердің экожүйесін сақтау, су ресурстарын дұрыс басқару сияқты бірқатар нақты шара қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылуда. Біздің бүгінгі экологиялық акциямыз да осы бағыттағы игілікті іске қосқан үлесіміз екені сөзсіз", – деді палата төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының экологиялық бастамаларды іске асыруға арналған тапсырмаларын орындау үшін сенаторлар белсенді жұмыс істеуге дайын екеніне назар аударды.
"Алдағы уақытта парламент сенаты экологиялық бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау жұмыстарын жалғастыра береді. Бұл бағытта біз эколог мамандармен, сарапшылармен, қоғамдық және халықаралық ұйым өкілдерімен бірлесіп, әрекет етуге мүдделіміз", – деді сенат спикері.
Жаңалықтар
0