Ақтөбеде мектепке бөтен біреудің баласын алып кетуге келген шетелдік ұсталды

© Photo : Рixabay/jhflИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.04.2022
Жазылу
61 жастағы Германия азаматы 3-сынып оқушысын алдап, мектептен кейін алып кеткісі келген
НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Ақтөбе қаласының соты егде жастағы Германия азаматын Қазақстаннан шығарып жіберуге шешім қабылдады. Ол 3-сыныпта оқитын қызбен дүкенде танысып, артынан мектептен алып кеткісі келген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, 61 жастағы шетелдік жеті жыл бойы Қазақстанда заңсыз тұрған. Жақында дүкенде 3-сынып оқушысын кездестіріп қалған. Баланың кәмпит алуға ақшасы жетпей тұрған. Ер адам қызға жетпеген ақшасын беріп, қай жерде оқитынын сұрап алады. Ал кешке қарай сол мектепке оны алып кетуге барған. Бірақ 2 мектеп-гимназиясының мұғалімі Татьяна Зайцева сақтық танытып, дабыл қақты.
"Ол кісі сыртынан тәуір көрінді. Бірақ сақалын қырмаған және шаршаңқы көрінді. Сосын менімен неміс тілінде сөйлесе бастады. Басында сасып қалдым. Бірақ сосын бірден мектеп әкімшілігіне барып айттым", - дейді педагог.
Полиция егде жастағы шетелдікті ұстады. Оның жеті жыл бойы қалай заңсыз жүргені анықталып жатыр. Өз елінде әйелі мен балалары бар екен. Тексеріс кезінде тергеушілер оның қоғамға қаупі жоқ деген шешімге келді. Бірақ қамаудан босатқан жоқ. Оны көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартты.
"Қалалық сот шешім шығарды, ол азамат Қазақстан Республикасынан шығарылады. Өйткені Германия азаматы. Көші-қон полициясы шетелдегі туыстарын анықтады. Бірақ әзірше байланысқа шыға алмай жатыр", - деді облыстық полицияның баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.
Ал күдікті адам туралы мектеп әкімшілігіне хабар берген мұғалімге министрдің алғыс хаты табысталады. Сондай-ақ бір жалақы көлемінде сыйақы беріледі.
Жаңалықтар
0