Павлодар мектебіндегі өрт: білім ордаларына жоспардан тыс тексеру жүргізіле ме

© Photo : ДЧС Павлодарской областиПавлодар қаласының мектебінде өрт шықты
Павлодар қаласының мектебінде өрт шықты - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2022
Жазылу
Қазақстанда білім беру нысандарының қауіпсіздік техникасына сәйкестігі жоспарға сай ақпан мен мамыр аралығында жүргізіліп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір - Sputnik. Жақында Павлодарда болған өртке байланысты Қазақстан мектептерінде жоспардан тыс тексеру жүрмейді. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдинов айтты.
"Жоспардан тыс қандай да бір тексерулер жоспарланып отырған жоқ. Өйткені қауіп-қатер дәрежесін бағалау белгілеріне сәйкес ақпан мен мамыр аралығында барлық білім беру нысанында тексеру жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ауданы, қабат санына қарамастан барлық білім беру нысанында тексеру жоспарлы түрде жүріп жатыр. Яғни бұл нысандар қауіп-қатер деңгейі жоғары саналатындықтан, тексеру жүргізілуде", - деді Төрегелдинов брифингте.
Бірінші жартыжылдықта құтқарушылар шамамен 8 мың нысанға тексеру жүргізеді деп көзделген және қазіргі уақытта бұл көрсеткіштің жартысына жуығы тексеруден өтті. Басқарма басшысының айтуынша, мамырдың соңы мен маусымның басына қарай барлық тексеру нәтижесі белгілі болады және ол туралы қосымша хабарланады.
Ерлан Төрегелдинов жақында ғана павлодарлық мектептердің бірінде болған өртке қатысты қазір тергеу жүріп жатқанын ескертті.
"Электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу оқыс оқиғаға алып келгені туралы алдын ала болжам бар. Яғни бұл стандарттан тыс электрлі ұзартқыш сым. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды", - деді ол.
Еске салсақ, құтқарушылар ұсынған болжамның бірі бойынша, физика кабинетіндегі ұзартқыш сымның тұйықталуы өртке себеп болған.
"Әзірше жалпы қорытынды жасалған жоқ, ол елдегі барлық тексеру аяқталғаннан кейін дайын болады. Алайда, өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері бар деп айтуға болады. Бұл көбіне режимдік сипаттағы, мысалы, эвакуациялау есіктерінің жабық болуы, жолдағы кедергілер, ақауы бар электр жабдығы сынды стандартты ереже бұзушылықтар", - деді басқарма басшысы.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша білім беру нысандарының басшыларына ескерту беріліп, оларды түзету мерзімі және осы шараларға жауапты тұлға бекітіледі.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін ескерту алған білім нысандарына қосымша тексеру жүргізіледі.
Жаңалықтар
0