Газбен жүретін көліктер неден жарылады – маман сақтану жолдарын айтты

Жазылу
Дағыстанда жанармай құю станциясында тұрған жеңіл көліктің газ қондырғысы жарылып, екі адам ауыр жарақат алды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында тура сондай жағдай болды. Көліктегі газдың қалай жарылатынын Sputnik Қазақстанның видеосынан біліңіз
Нұр-Сұлтандағы газ орнату станциясының басшысы Талман Өмірәлиев Ресейдегі оқиғалардың видеосын талай рет көрген. Себебін де біледі.
"Ол жақта көп жағдайда кевларлық баллондар жарылып жатады. Олардың пайдалану мерзімі қысқа, сосын бітеулігі мен тұтастығын міндетті түрде тексеріп отыру қажет. Қазақстанда ондай газ баллондары қолданылмайды", - дейді Өмірәлиев.
Алайда газ қондырғысын орнату технологиясы бұзылған жағдайда жарылыс болуы мүмкін. Сосын кейбір көлік жүргізушілері газдың көлемін бақылайтын қалтқыны алып тастайды. Ал тәртіп бойынша баллонға газды толтырып құюға болмайды. Контрафактілік баллондар да қауіпті.
"Екі-үш жыл бұрын бір көлік жарылды. Ол газ құйдырғаннан кейін бірден көлік жууға кіріп кеткен. Мультиклапаны болмаған ғой. Сосын газ 100 процентке толып тұрған. Қыста болған жағдай. Аяздан кейін жылы жерге кіргенде газ ұлғая бастаған. Ал газды шығаратын құрылғысы істемей қалған. Сөйтіп, балон жарылды. Граната немесе мина сияқты жарылыс болмаған. Тарс еткен. Жанында от болса, өрт шығатын еді", - деп атап өтті Өмірәлиев.
Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, көлікке орнатылатын газ баллонын пайдалану мерзімін үнемі бақылау қажет. Баллонның төлқұжаты мен куәлігі болуы шарт. Ал қолданылған баллондарды орнату қауіпті. Ең бастысы, кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну керек.
Өндіруші зауыттардың басты талабы – газ баллондарын үнемі қысыммен тексеріп отыру. ЕЭАО елдерінде ондай тәртіп міндетті шара ретінде енгізілген. Ал Қазақстанда оған мораторий жарияланды. Биыл қазан айында осы талап енгізілуі мүмкін.
Жаңалықтар
0