"Кінәлілер жазалануға тиіс": Тоқаев жол проблемасын тез арада шешуді тапсырды

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.04.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол проблемасын тез арада шешуді тапсырды, деп хабарлады Ақорданың Telegram-каналы.
Мемлекет басшысы "Egemen Qazaqstan" газетінде жарияланған "Күре жолдағы күрсініс" атты мақалаға назар аударды. Басылым Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар жағдайының нашарлығына байланысты мәселе көтерген.
"Президент бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жаңғырту маңызды міндеттің бірі екенін және автожолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейтінін 2019 жылы айтқан болатын. Мемлекет басшысы Оралда өткен кездесуде "бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызып қана қоймайды, сондай-ақ өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді" деген еді", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі президент сол кезде үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдарды жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауға тапсырма бергенін және бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын ерекше атап өткенін еске салды.
"Алайда "Egemen Qazaqstan" газетіндегі мәліметтер бойынша осы аудандарды облыс орталығымен байланыстыратын жолдарға әлі күнге дейін асфальт төселмеген. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеден айтарлықтай қалып келеді және қаржы мәселесінде де түйткілдер бар. Жергілікті тұрғындар жолдың жоқтығынан зардап шегіп отыр, әсіресе көктем мен күзде жағдай мүлде ушыға түседі", - деп толықтырды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырды. Тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс.
Президент бұл мәселені шешуді премьер-министр Әлихан Смайыловқа жүктеді.
Жаңалықтар
0