Елорда тынысы

Тұрғын үй орнына мектеп салынады: елорда әкімдігі құрылысқа қатысты шешім қабылдады

© Sputnik / Владислав Водневкран
кран - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2022
Жазылу
Осы бағытта әкімдік қызметкерлерімен және құрылыс салушылармен кездесулер өткізіледі
НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Елорда әкімдігі көппәтерлі тұрғын үй кешендері құрылысының орнына әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер (гүлзарлар, желекжолдар, аулалар) салу бойынша бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Осы бағытта әкімдік қызметкерлерімен, оның ішінде аудандық әкімдіктермен және құрылыс салушылармен кездесулер, талқылаулар өткізіледі. Қабылданған шешімдер тек нүктелі құрылыс туралы мәселе қозғалғанда ғана қайта қаралады. Себебі қаланың бас жоспарына сәйкес ықшам құрылысқа рұқсат етіледі", - делінген хабарламада.
Әкімдіктің хабарлауынша, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер тапшылығы бар аумақтарда тұрғын үй кешенін салу бойынша құрылыс салушылардың ұсынысы қабылданған жоқ.
Әкімдік мәліметінше, Байтұрсынов көшесі, 7 (Хайвилл ТК) жер учаскесінде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Бұдан бөлек, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында ("Хайвил" ТК қарама-қарсы) оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін жалпы білім беретін тағы бір мектеп салынады.
"Ақбұлақ ықшамауданындағы Қ.Жалайыр көшесінде "Iconic" тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Онда мастер-жоспар бойынша гүлзар салынады. Есіл ауданы бойынша Мәңгілік Ел даңғылындағы №9 емхана мен №77 мектеп-гимназия арасындағы учаскеде серуендеу және демалу үшін қоғамдық кеңістік (гүлзар) ашылады", - делінген хабарламада.
Күмісбеков көшесі, 9 мекенжайы бойынша 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен гүлзар салынады.
М.Горький – Косыгин – Челюскинцев – Ишимская көшелерінің квадратында тұрғын үй кешенінің орнына гүлзар салынады.
Сонымен қатар, Бас прокуратура мен Jysan Bank ғимараттары арасындағы Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында орналасқан аумақта көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына тағы бір мектеп салынады.
Елорданың желілік паркінде тұрғын үй құрылысы болмайды, яғни "Абу Даби Плазадан" бастап ботаникалық баққа дейін желілік парктің барлық тұсында көппәтерлі тұрғын үй кешені болмайды.
"Caspian Palace" ТК және "Palazzo degli Affari" бизнес орталығы арасындағы аумақта Сығанақ, Ә.Бөкейхан, Керей, Жәнібек хандар көшелері және Мәңгілік ел даңғылы квадратындағы "Қалалық романс" ТК маңында бұрын жоспарланған құрылыстың орнына мектеп болады (Ә.Тыныбаев, А.Храпатый және А11, А12 көшелерінің квадратында). Жер – құрылыс салушының жеке меншігі.
Бұқар жырау және Ә.Бөкейхан көшелерінің қиылысындағы Ақниет көшесінің бойында жалпы білім беретін мектеп, балабақша мен бульвар орналастыру қарастырылған.
Жер – құрылыс салушының жекеменшігі, бұрын тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланған. Қабанбай батыр даңғылындағы Керей, Жәнібек хандар және Орынбор көшелерінің арасында медициналық орталық салынады.
"Әкімдікте аталған барлық жобалар бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізу бойынша әкімшілік процестер жүргізіліп жатыр".
Жаңалықтар
0