Экономика

Жыл соңына дейін 3-4 процентке қымбаттайды: сарапшылар пәтер бағасына болжам жасады

© Sputnik / Владислав ВодневНұр-Сұлтан келбеті
Нұр-Сұлтан келбеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2022
Жазылу
Тұрғын үй нарығына инфляция мен зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатта жұмсауға болатын жеткілікті шегі әсер етіп отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардан жылдың аяғына дейін баға қалай өзгеруі мүмкін екенін білді
АЛМАТЫ, 20 cәуір – Sputnik. Елімізде жыл басынан бері жаңа пәтердің бағасы 8%-ке, екінші нарықтағы пәтер 13,4%-ке қымбаттаған. Желтоқсанға дейін баға тағы қымбаттауы мүмкін. Мұндай пікірді тәуелсіз сарапшы Жеңіс Шәріпұлы айтты.
Оның сөзінше, тұрғын үй бағасы бірнеше факторға тікелей байланысты.
Елімізде 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатта жұмсауға болатын жеткілікті шегі артты. Демек зейнетақысының бөлігін пайдалана алатын адам саны азайды. Алайда бұл өзгеріс екі апта ішінде нарыққа әсер етпеген.
"Екі апта ішінде ештеңе белгілі болмайды. Өйткені бұл нарықтағы баға өзгеруі үшін тым аз уақыт. Тұрғын үй бағаларына қарасақ, елордада 1%-тен аспайтын өсім байқалады. Ал Алматыда керісінше, баға 0,5%-ке түскен. Бірақ бұл баға өсіп жатыр немесе түсіп жатыр дегенді білдірмейді. Мұнда маусымдық өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы баға сол қалпында тұр", - дейді Жеңіс Шәріпұлы.
Сарапшының айтуынша, жылдың аяғына дейін баға тағы 3-4%-ке қымбаттайды.
"Көшірме деректерге қарасақ, тұрғын үй бағасы бірінші қаңтардан наурыздың аяғына дейін жаңа пәтер құны 8%-ке, екінші нарықтағы пәтер 13,4%-ке өскен. Баға әлі де өсіп жатыр. 2022 жылы тұрғын үй нарығындағы баға 5%-ке дейін өседі деп болжауға болады. Оның бәрі инфляцияға байланысты", - дейді ол.
Тұрғын үй бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен жеткілікті шегі артып, зейнетақы жинағындағы қаражатты алатын адамның азайғаны бағаға қалай әсер етеді деген сұрақ туындайды.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы тәуелсіз сарапшы Анна Шацкаяның сөзінше, бұл нарықтағы бағаның өсуін тежейді.
"2022 жылдың басынан бері тұрғын үй бағасы әлі де өсіп жатыр. Бұған былтырғы жеткілікті шегі бойынша зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі ықпал етті. Соның әсерінен жыл басталғалы нарықтағы баға 5-8%-ке өсті. Жеткілікті шегінің өзгеруі тұрғын үй бағасы өсуінің баяулауына әсер етеді деген үміт бар. Сұраныстың тең жартысын зейнетақы қаражаты қамтамасыз еткенін ескерсек, бұл әбден мүмкін", - дейді Анна Шацкая.
Нарыққа әсер ететін тағы бір фактор – инфляция. Сарапшы Жеңіс Шәріпұлы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы мен көрсетілетін қызметтің бағасы, құрылыс материалдары арзандаса ғана тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін екенін айтады.
"Бізде қазір ипотекаға деген сұраныс артқан. Ипотека азайса да, баға төмендемейді. Себебі ол инфляцияға байланысты. Қазақстанда инфляция жоғары болады деген болжам бар. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9%-тен 12%-ке дейін көбейтті. Бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметегі бағаның өсетінін білдіреді. Қазір бағаны ұстап тұрған – инфляция. Яғни, бір-бірімен қатар жүреді. Мысалы, 2021 жылы арматура мен әйнек бағасы 2 есе қымбаттады, басқа да құрылыс материалдары әлі де қымбаттап жатыр. Соған байланысты тұрғын үйдің бағасы түспейді. Керісінше қымбаттауы мүмкін. Ол Қазақстандағы макроэкономикалық жағдайға байланысты. Тамақ бағасы қымбаттаса, үй нарығындағы баға да қымбаттайды", - дейді ол.
Алматы мен Нұр-Сұлтанда үйдің бағасында басқа өңірлермен салыстырғанда өзгеріс бар. Екі қалаға көшетін адамның көп болуына байланысты баға да қымбат. Себебі сұраныс бар, дейді тәуелсіз сарапшы Жеңіс Шәріпұлы.

Цифрлар сөйлейді

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2022 жылдың наурызында бір айда жаңа пәтердің бағасы 5,5%-ке өсті. Екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы ақпандағы нәтижемен салыстырғанда 4,6%-ке қымбаттаған. Пәтерді жалға алу құны да 3,5%-ке көтерілді.
Krisha.kz-тегі хабарламаларға сәйкес, Алматыда екі бөлмелі жаңа пәтердің бағасы тұрғын үй кешенінің орналасқан жеріне байланысты 23 миллион теңгеден басталып, шаршы метріне қарай 100 миллион теңгеге дейін жетеді.
Ал қаладағы екінші нарықтағы пәтердің бағасы да 25 миллион теңгеден басталып, 100 миллион теңгеден асады. Бұл жерде де үй орналасқан аудан мен пәтердің шаршы метрі ескерілген.
Нұр-Сұлтан екі бөлмелі пәтер 19-20 миллион теңгеден басталады. Орташа баға ретінде 30-42 миллион теңгені атауға болады.
Шымкентте 16-17 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер алуға болады. Орташа баға 25-28 миллион теңге.
Түркістан қаласында да жаңадан тұрғын үйлер бой көтеріп жатқаны белгілі. Рухани астанадағы тұрғын үй бағасы Шымкенттен кем түспейді, жақсы жағдайдағы екі бөлмелі пәтерін қала тұрғындары 17-32 миллион теңге аралығында бағалаған.
Жаңалықтар
0