Қазақстан Сбер платформасынан бас тарта ма – министр жауабы

© Sputnik / Абзал КалиевБағдат Мусин
Бағдат Мусин - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2022
Жазылу
Журналистер Бағдат Мусиннен Қазақстан ресейлік Сбер платформасын неге сатып алмайтын болды, Ресейге қарсы санкциялардың әсері болды ма деп сұрады
НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Цифрлық платформаны "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ отандық ІТ мамандармен бірігіп жасайды. Егер қажеттілік туындаса, Қазақстан шетелдік компаниялардың көмегіне жүгінеді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік үкіметке цифрлық үкімет платформасын отандық ІТ-мамандарды тарта отырып, өзіміз жасайық деген ұсыныс енгізген. Оған үш-бес жыл уақыт қажет екен. Үкімет бұл ұсынысты мақұлдаған.
Осы орайда журналистер министрден Қазақстан ресейлік Сбер платформасын неге сатып алмайтын болды, Ресейге қарсы санкциялардың әсері болды ма деп сұрады.
"Біз енді орманда жүрген жоқпыз ғой. Әлемдегі және еліміздегі жағдайға қараймыз. Бізге ішкі нарықты өсіру керек, деңгейін көтеру керек. Сол үшін бізге уақыт берілді. Бұған дейін біздің ұсынысымыз уақыт талаптарына сай болмағандықтан, басқа мемлекеттен дайын платформаны сатып алу туралы шешім қабылдағанбыз. Ал енді бізге уақыт, ІТ қауымдастыққа мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан оны өзіміз жасаймыз", - деді Мусин.
Бірақ егер отандық мамандар жүзеге асырмайтын қандай да бір компонент болса, Қазақстан халықаралық компанияларға жүгінеді.
"Халықаралық компаниялар арасында "Сбер" болуы мүмкін бе" деген сұраққа Мусин "оны қарастырамыз, мен дәл қазір ондай қажеттілік көріп тұрған жоқпын" деп жауап берді.
Бұл ретте БАҚ өкілдері "Сбер" баламалы нұсқа ретінде қарала ма деп сұрады.
"Егер қажеттілік болса, біз шетелдік шешімдерді іздейміз", - деді министр.
"Шетелдік компаниялар дегенде Ресейді де меңзеп тұрсыз ба?" деп нақтылады журналистер.
"Ресей шетел емес пе", - деп сұраққа сұрақпен жауап берді Мусин.
Десе де, ол шетелдік компанияларға таңдау жасағанда әлемдегі жағдай, соның ішінде санкциялардың бәрі ескерілетінін атап өтті.
"Біз орманда өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой. Қандай да бір таңдау жасағанда, осы тұстардың бәрін ескереміз. Біз өз ісімізге жауап беретін мемлекеттік шенеунікпіз. Бәріне қарама-қайшы, негізсіз шешімдер қабылдамаймыз", - деді Мусин.
Жаңалықтар
0