Қоғам

Прокурор бес адамды атып өлтірген Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

© Sputnik / Тимур БатыршинДужновтың үйін қоршау
Дужновтың үйін қоршау - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2022
Жазылу
Алматы қалалық сотында бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды
АЛМАТЫ, 19 сәуір – Sputnik. Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Әлішер Мырзаханов қалада бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың ісі бойынша процеске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып, сотталушыны бес адамды аяусыз өлтіргені үшін кінәлі деп тануды және оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.

Мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде не айтты

Мемлекеттік айыптаушы Әлішер Мырзахановтың айтуынша, сот отырыстары барысында сотталушы Игорь Дужновтың екі полиция қызметкері мен жеке сот орындаушысын, жалпы алғанда бес адамды өлтіргені толық дәлелденген.
"Дужнов сот шешімінің орындалуына белсенді кедергі келтірді, содан кейін Әбенов, Сүлеев, Байғазиев, Тұрғанов, Бекташоғлыны қасақана өлтірді, бұл тек куәгерлер мен жәбірленушілердің айғағымен ғана емес, сондай-ақ болған оқиға түсірілген видеомен расталды. ( ... ) Дәлел жиынтығы маған Дужновтың кінәсі толығымен дәлелденгенін және оның қылмыстық әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілгенін айтуға мүмкіндік береді. (...) Дужновтың өз әрекетіне қатысты ешқандай өкініші жоқ екенін ескеріп, сот алдында оны ең ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру туралы өтініш жасау қажет деп санаймын", - деді ол жарыссөзде.
Мемлекеттік айыптаушы Игорь Дужновты Қазақстанның Қылмыстық кодексінің баптары бойынша кінәлі деп тануды және жаза тағайындауды талап етті:
172-бап – "шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" – 7 жыл бас бостандығынан айыру;
430-бап 1-бөлігі – "сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқару құжатты орындамау" – 3 жыл бас бостандығынан айыру;
24-бап 3-бөлігі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 99-бөлім 2-бөлігі 1 және 6 тармақтар ("басқа адамдардың өмірі үшін қауіпті тәсілмен жасалған екі және одан да көп адамды өлтіру") – 15 жыл бас бостандығынан айыру;
408-бап – "Сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғу" – өмір бойы бас бостандығынан айыру;
99-бап 2-бөлігі 1 және 6-тармақтар – "басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған екі және одан да көп адамды өлтіру" – өмір бойы бас бостандығынан айыру;
380-бап – "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" – өмір бойы бас бостандығынан айыру.
Прокурор Дужновқа мүлкін тәркілемей, өмір бойынша бас бостандығына айыру жазасын беруді сұрады. Оның төтенше қауіпті деңгейдегі Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуін талап етті.
Игорь Дужновтың қолынан қаза тапқан сот орындаушысы, екі полиция қызметкері және екі азаматтың туыстары мемлекеттік айыптаушының сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы талабын қолдады.
Олар сондай-ақ айыпталушыны қылмыс жасауға итермелеген адамдар ретінде Дужновтың әйелі Анаид Демирчян мен оның қызы Каринэ Дужнованы жауапқа тарту үшін бірнеше рет сотқа жүгінді.

Дужнов пен оның адвокатының позициясы

Игорь Дужновтың 2021 жылдың қыркүйегінде бес адамды атып өлтіргенін өзін-өзі қорғау деп атады.
"Жәбірленушілер, заңсыз менің үйіме кіргендер менің жақын адамдарымның құқығын бұзғысы келді. Оларды көшеге заңсыз шығарғысы келді. Сол кезде де, қазір де бұл зұлымдықты тоқтатудың басқа жолы жоқ екенін білемін. Өз балаларымды қорғаусыз қалдыра алмадым. Меніңше, әкесінің баласын сатып кетуі – ең қорқынышты қылмыс", - деді Игорь Дужнов жарыссөз барысында.
Оның бұл ойын қорғаушысы да қолдады. Ол бұл қайғылы оқиғаға банк қызметкерлері мен олардың сыбайластарының заңсыз әрекеті себеп болғанын айтады.
"Банктер, олардың қызметкерлері және серіктестері елімізде қалағанын жасай бастады. Халық банктердің және оларға жақын сот орындаушыларының әрекеттерінен зардап шекті және шаршады. ( ... ) Қаржылық олигархия мен банктердің серіктестері байып, елдің қарапайым халқының деңгейі төмендеді. Игорь Дужновтың белсенді қарсылығынан кейін ғана мемлекет банк олигархиясының әрекеті нәтижесінде пайда болған қатыгез, адамгершілікке жатпайтын тәжірибені жоя бастады", - деді сотталушының адвокаты Николай Харченко.
Игорь Дужновтың тағы бір адвокаты – Екатерина Безлатнева жарыссөз барысында тергеу-жедел тобының қызметкерлері қылмыс болған жерде, сондай-ақ іс бойынша одан әрі тергеу барысында жасаған бірқатар бұзушылықты атады.
Соттың кезекті отырысы 21 сәуірде өтеді. Сотталушы Игорь Дужнов соттағы соңғы сөзін айтады.

Алматыдағы атыс

2021 жылдың 20 қыркүйегі кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.
Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.
Сотта Дужнов адамдардың өліміне байланысты өкінетінін айтты. Ол мұндай жағдайға "заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушысының заңсыз әрекеттері" себеп болғанын айтты.
Бұған дейін алдын ала сот отырысында бас прокуратура Дужнов қылмысты жоспарлаған, ол карабинді оқтап, гаражға жасырған деп мәлімдеді.
Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры Шыңғысхан Пұсырмановтың айтуынша, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі, адвокаттың көмекшісі аулаға кірге кезде Дужнов қаруын алуға барған.
Тергеу Дужновтың ауласына кірген адамдарды қабырғаға қаз-қатар тұрғызып, бірінен соң бірін атқанын анықтады. Содан кейін ол көшеге шығып, сол жерде тұрған полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған. Бірақ олар көліктің артына жасырынып үлгерген, олардың бірі оқ жаудырған адамның қаруын тартып алды.
Жалпы алғанда Дужнов карабиннен 10 рет оқ атқан, оның ішінде тоғызын сегіз секундта атты.
Жаңалықтар
0