Қоғам

Үш баласынан айырылған отбасыға "Қазақстан халқына" қоры көмек берді

© Sputnik / Абзал КалиевҮйдің кілті
Үйдің кілті - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.04.2022
Жазылу
Қордан баспана алу үшін 10 миллион теңге бөлінді
НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры Қостанай облысындағы өрт кезінде 3 баласынан айырылған отбасыға үй алуға қажетті қаражат аударды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл 31 наурызда Қостанай облысындағы Амангелді ауылында жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Төтенше жағдай кезінде 2016, 2019 және 2020 жылы туған үш бала көз жұмды. Жантүршігерлік өрт салдарынан көпбалалы отбасы тұрған үй жанып кетті. Ал қайғы жұтқан ерлі-зайыпты тірі қалған жалғыз баласымен бірге туыстарының үйін паналап жүрген.

"Жергілікті әкімдік өкілдері "Қазақстан халқына" қорына зардап шеккен отбасы үшін жаңа баспана алуға көмектесу туралы өтінішпен жүгінген. Қордың Қамқоршылық кеңесі мен басқарма бұл жағдайға қатысты көмек көрсету туралы шешімді жылдам қабылдады. Қордан баспана алу үшін 10 миллион теңге бөлінді", - дейді қор мамандары.

Тұрғын үй сатып алу бойынша қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім бір реттік ерекше жағдай ретінде тіркеліп отыр. Амангелді ауылының әкімі Гауһар Жанділдинаның айтуынша, қазір отбасы жаңа үйге көшкен. Бірақ қатты қайғырып жүр.
Айта кетері, Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті үш бала көз жұмған өрттің алдын ала себебін анықтады. Департамент басшысы Біржан Кәрімовтың айтуынша, болжам бойынша үйдің өртенуіне мобильді телефонды қуаттау кезінде электр желілерінің тұйықталуы себеп болған.
Жаңалықтар
0