Баспананы жалдауға субсидия беріледі: өтінім қабылдайтын платформа іске қосылды
© Sputnik / Антон Денисов
/ Жазылу
Жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін барлық қазақстандық мамыр айында otbasybank.kz платформасында өтінім бере алады
НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Отбасы банктің жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінім қабылдайтын платформасы іске қосылды.
"Субсидиялау бағдарламасының 17 000 қатысушысы "Отбасы Банк" АҚ-дан өтінім беру процесін тестілеуге қатысу туралы SMS-шақырту алды. Сәуір айының ішінде олар онлайн режимде өтінім тапсырып, банк мақұлдауын алуы қажет. Оны otbasybank.kz порталында ("Баспана маркет" маркетплейсі) "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде жасау керек", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Өтінімдер қабылданатын және өңделетін сандық платформа – бірегей, оның Қазақстанда баламасы жоқ.
Алғашқы өтінімдер жолданған кезде қателіктер болуы мүмкін, оларды IT мамандар тез арада жойып отырады, деп ескертті мамандар.
Отбасы банк бұл жағдайларға түсіністікпен қарауды сұрайды.
Жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін барлық қазақстандық мамыр айында otbasybank.kz платформасында өтінім бере алады.
Естеріңізге сала кетейік, жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады:
1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
көпбалалы отбасылар.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауға тиіс.
"2022 жылы азаматтарымызды қолдауға 50 миллиард теңге қарастырылған. Оның 40 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен алу көзделсе, 10 миллиард теңгесін жергілікті әкімдіктер бөледі. Бюджеттен қаржы мамыр айында бөлінеді деп жоспарлануда. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50% алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім беруі үшін біз бүкіл процесті онлайн режиміне аудардық", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Субсидия алуға өтінімдер электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алулары немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексерлері керек.
Тағы бір талап – субсидия алуға үміткер депозиті бар, Отбасы банк клиенті болуға тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе "Otbasy bank" мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады.
Ізінше субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркеліп, жеке кабинетінде өтініш жаза алады.
Ол үшін, ең алдымен, төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында "қонақ" ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
"Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі", - делінген хабарламада.
Осыдан кейін "Пәтер иесі туралы деректер" бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.
Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін 4 810 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.
Жалдамалы баспананы қазақстандықтар өздері іздейді.
Отбасы банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.
Отбасы Банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.
Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салады.