Алаяқтар адам алдаудың жаңа жолын тапты – министрлік ескерту жасады
© Photo : Pixabay / PexelsСмартфон
© Photo : Pixabay / Pexels
Жазылу
Есепшоттағы ақшаны қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет
НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Ішкі істер министрлігі халықты алдаудың жаңа амалы туралы ескертті. Соңғы кезде алаяқтар оны жиі пайдаланып жүр, деп хабарлайды Polisia.kz .
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы уақытта полиция және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан халықты алдау фактілері көбейіп кеткен. Алаяқтар қазақстандық ұялы байланыс операторларына ұқсас нөмірлерді пайдаланады.
"Олар өздерін анықтаушылар немесе тергеушілер ретінде таныстырып, полицияның бөлімшесіне ресімделген онлайн-несие туралы азаматтардың туыстары немесе таныстары қоңырау шалғанын айтып хабарласуда. Деректерді нақтылау үшін қылмыскерлер азаматтардан банк шоттары мен жеке мәліметтерін сұрайды. Соның ішінде тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН және тағы басқа жеке мәліметтер бар", - дейді министрлік мамандары.
Сондай-ақ, адамдар алаяқтарға алданып, қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды өз құрылғыларына орнатып жатады. Сөйтіп, барлық ақшасынан айырылады.
"Егер сізге "банктен" немесе "полициядан" қоңырау түссе, тұтқаны қойып, дұрыс ақпарат алу үшін банктің өзіне хабарласқаныңыз абзал. Полиция қызметкерлері де, банк қызметкерлері де ешқашан банктік шоттар немесе жеке деректер туралы мәліметтерді сұрамайтынын есте ұстаған жөн. Бөтен адамдарға өзіңіз туралы мәліметті, банктік шоттар жайлы деректерді, банктен абоненттік нөміріңізге келіп түскен SMS-кодтарды бермеңіз", - деп атап көрсетті тәртіп сақшылары.
Есепшоттағы ақшаны қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.
Олар:
күрделі парольдер орнату және оларды жиі ауыстыру;
төлем жүйелерінде бар барлық қауіпсіздік жүйелерін іске қосу;
SMS растау;
IP-мекенжайды бақылау;
3D-secure;
Алаяққа алданған жағдайда дереу банкке қоңырау шалып, шотты бұғаттап қою қажет. Сосын полиция бөліміне хабар беру керек.