Спорт

Геннадий Головкин жапониялық боксшыны нокаутпен жеңді

Геннадий Головкин после боя с Муратой
Геннадий Головкин после боя с Муратой - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.04.2022
Жазылу
GGG Муратаның белбеуін жеңіп алып, суперчемпион атанды
НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин жапониялық боксшы Риота Муратаны техникалық нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бірінші раунда қазақстандық боксшы бірден шабуылға көшті. Қарсыласын джебпен қарсы алып, сериялық соққыларын да дарыта білді. Бірақ Риота Мурата қарап қалмады. GGG-ге қысым жасап, бірнеше соққысын дәл тигізді. Екінші раундта екеуі де белсенді болды. Бірақ Муратаның басымдығы байқалды. Головкинді бүйірден де, бастан да ұрды. Бірнеше аперкоты өтті.
Үшінші раундтың басында Головкин бірнеше жойқын соққысымен көзге түсті. Муратаның мұрны қанай бастады. Ал төртінші раундта екеуі тең бокстасты. Бесінші раунда Головкиннің басымдығы айқын болды. Сериялық соққыдан кейін Риота сәл тәлтіректеп қалды. Дегенмен, жекпе-жекті жалғастырды. Алтыншы раунда қатты соқыдан капасы ұшып кетті. Сонда да құлаған жоқ, керісінше, алға қарай ұмтылып, рингтің ортасынан кетпеді. Головкин болса, қашып жүріп, дәл соққыларын жасады.
Жетінші раунда жапониялық боксшы тағы қысым жасап көрді. Бірақ Головкиннің джебі пен аперкотына түсіп отырды. Келесі раунда қазақстандық боксшының басымдығы айқын болды. Ал тоғызыншы раунда қарсыласын сабап тастады. Сосын дәл соққыларымен Риотаны нокдаунға түсірді. Жапониялық боксшы жекпе-жекті жалғастырған жоқ. Осылайша, GGG техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Головкин жекпе-жекке келген қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтты.
"Маған жанкүйер болған барлығыңызға алғыс айтқым келеді. Әсіресе, Қазақстаннан келген жанкүйерлер. Рахмет, сіздерге, жігіттер! Алға Қазақстан", - деді Головкин.
Айта кетері, Геннадий Головкин IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағының иегері. Ал Риота Мурата (16-2, 13 KO) WBA Super тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған. GGG оның белбеуін жеңіп алып, суперчемпион атанды. Қазақстандық боксшы осымен 42-ші жекпе-жегін өткізіп отыр. Соның ішінде 37-сі нокаутпен аяқталды.
Головкиннің кепілдендірілген гонорары 5 миллион долларды құрайды. Оған қоса, PPV-дан түсетін ақшаның 70 процентін алады. Осылайша, барлық гонорардың көлемі, шамамен, 12-15 млн доллар болады. Ал Мурата 500 мың доллар + PPV-дің 30 проценті. Оның гонорары 1,5 миллиона долларға дейін барады.
Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы – мексикалық Сауль Альварес. Бірақ Канело алдымен 7 мамырда өтетін бокс кешінде Дмитрий Биволды жеңуі керек. Жақында Головкин мен Альварес үшінші жекпе-жекті өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бокс кеші 17 қыркүйекте екінші орта салмақта ұйымдастырылады. Лас-Вегас бұл шоуды өткізуге фавориттердің қатарында, бірақ басқа аймақтар да өтінім берді.
Жаңалықтар
0