Қоғам

Павлодарда сәби клиникалық өлімнен аман қалды

© Sputnik / Алексей Куденко / Медиабанкке өтуархивтегі сурет
архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.04.2022
Жазылу
Бір жарым жасар баланың анасы әлеуметтік желіде алғашқы көмек көрсету кезінде баланың қабырғасы сынғанын хабарлаған
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Облыстық жедел жәрдем станциясында бір жарым жасар баланың жағдайына қатысты зерттеу жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Медициналық мекемеде педиатриялық бригада дәрігерінің іс-әрекетінен заңбұзушылық байқалмағанын, себебі ол іс жүзінде сәбидің өмірін сақтап қалғанын мәлім етті.
"103 нөміріне қоңырау 6 сәуір күні сағат 21:05-те түскен. Оған бірінші санатты жеделдік тағайындалды, сондықтан сол жерге жақын маңдағы медициналық бригада жіберілді. Сағат 21:07-де жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында болды. Сол кезде кішкентай науқастың тынысы тоқтап, клиникалық өлім жағдайына түскен. Педиатриялық бригаданың дәрігері жүрекке массаж жасай бастады. Мұндай жағдайларда әсіресе жас балаларда қабырғалардың зақымдалуы жоққа шығарылмайды. Дәрігерлер 21:33-те баланы ауруханаға жатқызу кезінде кеуде аймағының сынуы мүмкін екенін хабарлады, - дейді станцияда.
Сондай-ақ баланы ауруханаға жеткізген кезде ол зембілге бекітілмегенін атап өтті.
"Себебі нәресте кез келген сәтте қайтадан тыныс алуын тоқтатуы мүмкін болған соң оған қайталап реанимация қажет болар еді. Бұрылыстардың бірінде бала зембілден түсіп кеткен, бірақ дәрігер мен анасы оны ұстап алғандықтан, бала еденге құлап қалмады. Тасымалдау кезінде реанимобиль жүргізушісі көлікті кенет тежемеген", - дейді жедел жәрдемде.
Бұған дейін бір жарым жасар баланың анасы әлеуметтік желіде алғашқы көмек көрсету кезінде баланың қабырғасы сынғанын және ауруханаға бара жатқанда бала басымен құлап кеткенін жазған болатын.

Облыстық жедел жәрдем станциясында бұл шағымға қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізілді.

Денсаулық сақтау басқармасында 2021 жылы туған сәби қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
Жаңалықтар
0