Жауынгерлік әзірлікті көтеруге қанша ақша жұмсалады

© Sputnik / Анатолий УстиненкоӘскери қызметкерлер
Әскери қызметкерлер - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.04.2022
Жазылу
Қазақстанның жауынгерлік әзірлігін көтеруге және күштік құрылымдарды жарақтандыруға мемлекеттік бюджеттен қосымша 441 миллиард теңге қарастырылған
НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Қазақстан күштік құрылымдарды нығайтуға бюджеттен қосымша қаржы бөледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәжілісте 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырды.

"Нақтыланған бюджет аясында Қазақстанның жауынгерлік әзірлігін көтеруге және күштік құрылымдарды жарақтандыруға мемлекеттік бюджеттен қосымша 441 миллиард теңге қарастырылған", - деді вице-министр.

Айтуынша, бұл шығын қаңтар оқиғасының салдарын жоюға және өтемақы төлеуге бағытталады.
Савельева қазіргі таңда қаза тапқан қызметкерлердің отбасына тиісті жәрдемақы мен өтемақы төленгенін атап өтті. Бұған қоса, өңірлер материалдық көмек көрсетіп, баспанамен қамтып жатыр.
Сондай-ақ Қазақстан күштік құрылым қызметкерлерінің санын ұлғайтады.
"Күштік құрылымдарды одан әрі нығайтуға 437 миллиард теңге қарастырылған. Соның ішінде күштік органдар қызметкерлерінің саны мен еңбекақысын арттыруға – 92 миллиард теңге. Барлық күштік органның арнайы бөлімшелері әскери қызметкерлері мен қызметкерлерінің еңбекақысы 20%-тен 40%-ке дейін ұлғайтылды", - деді ол.
Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан, қорғаныс министрлігі және ішкі істер министрлігі арнайы бөлімшелерінің санын көбейту жоспарланып отыр. Олар арнайы көліктермен қамтамасыз етіледі. Материалдық-техникалық базаны толықтыруға 91 миллиард теңге бөлінбек, соның ішінде әскери-көлік авиация паркіне – 15,5 миллиард теңге көзделген.
Сонымен қатар:
күштік құрылым қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуге қосымша 65 миллиард теңге;
"Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға – 32 млрд теңге;
көпбейінді қоймалар құрылысына – 20 миллиард теңге;
ұлттық қауіпсіздіктің басқа да басым бағыттарына – 253,6 миллиард теңге жұмсалады.
Жаңалықтар
0