Дерекқор

Жеке куәлікте аты-жөнді қазақша жаздыру үшін не істеу керек

© Sputnik / Владислав ВодневЖеке куәлік
Жеке куәлік - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2022
Жазылу
Ұлты қазақ азаматтар аты-жөнін мемлекеттік тілде жаздырып, "-ов, -ова", "-ев, ева", "-ин, -ина" деген жұрнақтарды алып тастай алады
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Бүгінде құжатта аты-жөнін қазақшалап жаздыратындардың саны артып келеді. Біреулер баласына бірден "ов, ева"-сыз туу туралы куәлігін алса, енді біреулер есейгесін жеке куәлігін ауыстырып жатады. Қазақстанда 1996 жылдан бері тегін және әкесінің атын мемлекеттік тілде жазуға болады. Алайда бас кезінде техникалық және тағы басқа себептерге байланысты адамның атын-жөнін қазақшалау қиындау болды. Қазір оны автоматты түрде жасайды. Sputnik Қазақстан заңның негізгі талаптарын назарларыңызға ұсынады.

Президенттің арнайы жарлығы бар

Осыдан 26 жыл бұрын елімізде ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты арнайы президент жарлығы қабылданған болатын. Оған сәйкес, ұлты қазақ азаматтар аты-жөнін мемлекеттік тілде жаздырып, қазақ тіліне жат "-ов, -ова", "-ев, ева", "-ин, -ина" деген жұрнақтарды алып тастай алады. Ал әкесінің атына "ұлы" немесе "қызы" жалғаулары қосылады.
Жеке куәлікті кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында ауыстыруға болады. Сол жерде өтініш жазып, қажетті құжаттарды тапсыру қажет. Олар.
туу туралы куәлік;
ауыстырылатын жеке куәлік, паспорт;
Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдағандар үшін арнайы анықтама;
мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.
Ал мемлекеттік бажды төлеуден босатылған адамдар болса, оны растайтын құжаттарды көрсету керек. Бұдан бөлек, тегі мен әкесінің атының жазылуы қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес өзгертілген ұлты қазақ азаматтар өтініш білдіріп, паспорт пен жеке куәлікті туу туралы куәлікке сәйкес өзгерте алады.

Жеке куәлігін ауыстырмағандар айыппұл төлейді

Бүгінде некеге тұру немесе некені бұзу кезінде тегін ауыстыратындар бар. Оны алдымен некені қию (бұзу) туралы куәлікте көрсетеді. Одан кейін жеке куәлікті ауыстыруға құжат тапсыру қажет. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына бірнеше құжат ұсынады. Олар:
неке қию (бұзу) туралы куәлік;
айқындама деректерді ауыстыру туралы куәлік (болған жағдайда);
заңды күшіне енген сот шешімі (болған жағдайда);
ауыстырылатын жеке куәлік, паспорт (болған жағдайда);
мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.
"Неке және отбасы туралы" кодекске сәйкес, некеге тұрған немесе некені бұзған кезде тиісті куәлікті алған сәттен бастап 30 күн ішінде жеке куәлікті ауыстыру қажет. Одан кешіккен жағдайда 7 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 21 441 теңге көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Осы тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 13 АЕК (39 819 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Ал паспорт үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Бірақ жаңа жеке куәлікті алғанда ескі төлқұжатты міндетті түрде тапсыру қажет.

Ұлтты ауыстыру

Жеке куәлік пен паспортта ұлтты да ауыстыруға болады. Оны ата-ананың ұлтына қарай жазады. Әке-шешесі екі түрлі ұлттың өкілі болса, баласы екеуінің біреуін таңдап, жеке куәлігіне ұлтын жаздыра алады.
Репрессиялар кезінде Қазақстанға күштеп көшірілген азаматтарға да ұлтын ауыстыруға рұқсат беріледі. Бірақ ақтау туралы анықтаманы көрсету керек. Жалпы, ұлтты ауыстыру үшін бірнеше құжат тапсырылады. Олар:
ұлты көрсетілген жазбаша өтініш;
туу туралы куәлік;
репрессиялар кезінде күштеп көшірілгендер үшін – ақтау туралы анықтама;
жеке куәлік, паспорт;
мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.
Бұдан бөлек, адамның туған күні, айы мен жылының өзгеруіне байланысты жеке куәлікті ауыстыруға болады.

Жеке куәлікті ауыстыруға қанша уақыт кетеді

Жеке куәлік және паспорт 15 жұмыс күні ішінде ауыстырылады. Алайда азаматтың қалауы бойынша жедел қызмет қарастырылған. Ол үшін қосымша ақы төлеу керек.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 1-3 күн;
облыс орталықтарында – 3-5 күн;
аудандар мен қалаларда – 7 күн.
Жаңалықтар
0