"Бір үйрекке бола Алғаға бармаймын ғой": аңшылар лимиттің қысқарғанына наразы

© Photo : СС0 / Мейбл ЭмберҮйректер
Үйректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Ақтөбелік аңшылар аймақта құс ату лимитінің қысқарғанына наразы. Олардың айтуынша, облыстағы 8 мыңнан астам аңшыға осы көктемде небары 500 шақты үйрек атуға рұқсат берілген. Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлады.
Көктем шықса, ақтөбелік аңшылар ататын аң-құс таппай қиналады. Аймақта аңшы көп, ал жабайы құстың лимиті тым аз, дейді олар.
"Басында үш күнге бір үйрек деді, артынан сөйлесіп, маусымға, 2 аптаға бір үйрек берді. Бірақ соның өзі былай қарағанда аңшыларды мазақ қылу ғой. Мен 1 үйрекке бола Алғаға барып, я болмаса Мартукке барып, аңшылық жасамаймын ғой", - дейді аңшы Асылбек Қанбаев.
Аңшылардың айтуынша, табиғатты пайдалану басқармасы облыстағы 6 аң шаруашылығының жалдау мерзімін ұзартпай отыр. Ал аң аулау лимитінің көп бөлігі сол шаруашылықтарда қалған. Сол себепті биыл көктемгі және күзгі аңшылық маусымында 1 мың 700 құс атуға рұқсат берілгенімен, оның тек үштен біріне мылтық көздеуге болады.
"Біз "Қансонарға" да бардық, Ақтөбедегі аңшылар қауымдастығына да бардық. Олардың әңгімесі: резервтегі 25 шаруашылық бар. Соны олардың қарамағына бермеген, үкіметтің қарамағында. Бос жатыр. Сол жерлердің бос жатқанының кесірінен осындай қажетті лимитті ала алмаймыз дейді", - деп түсіндірді аңшы Рүстем Аяпов.
Әкімдіктегілер мәселе аң шаруашылықтарының тендері электронды форматқа ауысқаннан туындағанын айтады. Кейбір шаруашылықтар құжат рәсімдеп үлгермеген. Аймақта 53 аң аулау алаңы болса, қазір соның 28-і ғана тіркелген. Қалғаны екі айдың ішінде рұқсат алып болуға тиіс, дейді құзырлы орган өкілі.
"Бүгінгі күнде 590 үйрек бөлініп тұр. Әрине, бұл жаңағы айтқан адам санына жетпейді. Сондықтан мәселені шешу үшін 2 айдың көлемінде аңшылық шаруашылықтарды толығымен бекітіп береміз. Содан кейін бұл мәселе шешіледі", - дейді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әнуарбек Бермағамбетов.
Бұдан бөлек, тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілген. Енді аң-құстың лимиті келер жылдың 15 ақпанына дейін белгіленеді. Яғни, биылғы көктем маусымынан тыс қалған шаруашылықтардың келесі кезеңге жолдама алуға мүмкіндігі бар.
Ақтөбеде 4 күннен кейін көктемгі аң-құс аулау маусымы басталады. Жабайы үйрек атуға екі апта уақыт беріліп отыр.
Жаңалықтар
0