"Сабырым таусылды": Шымкент полициясының баспасөз хатшысы өзіне қол жұмсамақ болды

© Sputnik / Владислав ВодневКарета скорой помощи на дороге столицы
Карета скорой помощи на дороге столицы - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы суицид жасамақ болды. Бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланды, ақпаратты қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"6 сәуірде сағат түнгі 01:30-да Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметі арқылы 1991 жылы туған пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың 1-дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдап жатыр", - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған. Алдын ала болжам бойынша ол суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік преппараттар ішкен.
Шымкент қаласы полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының хабарлауынша, департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Мөлдір Бекееваның суицид жасау фактісі бойынша Қаратау ауданы полиция басқармасында қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Қызметіме жасалған қастандық"

Бұған дейін әлеуметтік желіде Мөлдір Бекееваның дауысы делінген аудио жарияланды. Ол жерде әйелдің қарамағындағы қызметкерге дауыс көтергені, жұмысты тыңғылықты орындамайтыны, жұмыстан босатылатыны айтылған.
Содан кейін Мөлдір Бекеева 29 наурызда тараған, өз аты-жөні көрсетілген материалдың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Бұл "дауыс-ырғақ" қондырғысымен монтаждалып арнайы жасалған. Сонымен қатар аталған парақша YouTube желісіне тіркеле сала сол аудиожазба жүктелген. Яғни, тіркеле салысымен менің аты-жөніме бағытталған бір ғана жазбаны жариялап, ешқандай дәлел-айғақтарсыз фото-суреттерімді де қолданған. Сондықтан бұл маған және қызметіме жасалып жатқан қастандық деп білемін", - деді сол кезде Бекеева Sputnik Қазақстан тілшісіне 30 наурызда.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасының хабаралуынша, желіде тараған аудиоға қатысты сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеуді анықтау басқармасы жүргізіп жатыр.
Қазірге дейін желідегі аудионы жазып, таратқан полиция қызметкері анықталды. Ол бұл әңгімені 2021 жылыдң желтоқсанында жұмыстан шығып қалмау мақсатында жазған.
Кейін ол өзі жазып алған аудионы ватцапта достарына жіберген. Аудионы жазып, таратқан ер адам моральдық және психологиялық қысымға байланысты ауруханаға түсіп қалғанын айтқан.

Суицид алдындағы жазба

Мөлдір Бекеева суицид жасар алдында жариялаған жазбасында өзіне қысым жасалып, қылмыстық іс қозғалғанын жазды.
"Мен сындым... Сабырым таусылды... Бүгін Шымкент қаласы полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жәй кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң кеттім! (...) Соңғы 2 айдың ішінде қу биліктің құлқыны мен қызметтен қуу үшін маған қандай қысым көрсетілмеді?! Бірақ жаңа келген басшылық қызмет орным үшін соншалықты қастандыққа, қиянатқа барады деп ойламадым...", - деп жазды Мөлдір Бекеева.
"Мен өз еркімммен емес, мәжбүрлі түрде кеттім. Бұлар адамды жұмыстан кетіру үшін неше түрлі қитұрқы айла-амалдарды табады екен ғой! Бүгін соған көзім жетті! Таңертең жұмысқа барғанымда сағат 8:30-да жұмыс телефоныма Анықтау басқармасының бастығы Нұрдаулет Сүйеубеков хабарласып, үстімнен қылмыстық іс қозғалғанын айтты және ертең тергеуге келіңіз деп шақырды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 378-бабы 1-бөлігі ("Билік өкілін қорлау") бойынша тіркеуге алынған", - деді ол.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының полиция департаментінің бастығы қызметіне 2022 жылдың 4 ақпанында тағайындалған Қайрат Дәлбековпен бірге бір апта ішінде Түркістан облысының полиция департаментінен ондаған адамның ауысып келген. Оның 7-уі басшылық қызметке тағайындалған.
Бекеева бұған дейін Түркістан облысында баспасөз хатшысы қызметін атқарған Салтанат Қаракөзованың заңсыз әрекеттерге барғанын да жазған.
"Қарагөзова ханымды (Шымкент полиция департаментіне) әкелген соң менің қызметтік көлікті өткізіп, кабинетімді шұғыл босатуымды да талап етті. Заң жүзінде департаменттің ресми өкілі мен екенімді біле тұра, қызмет орнымнан кетпей жатып, өзін әлеуметтік желіде ресми өкіл деп жариялады. Қысым мұнымен шектелген жоқ, олар мені қылмыстық жазаға тарту үшін және маған кері әсерін тигізу үшін прокуратураның рұқсатынсыз жариялауға болмайтын ақпараттарды таратты", - деп жазды Мөлдір Бекеева.
Расымен де 24 ақпанда Салтанат Қарагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістандағы қызметінен босатылып, Шымкентке қызмет етуге қайта келгенін жазды.
"Бүгін міне, Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми өкілі болып ары қарай да жұмысымды жалғастырмақпын", - деп жазды Қарагөзова.
Қазір Шымкент қаласы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы желіде тараған аудиожазба мен қызметкердің суицидке бару фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
Жаңалықтар
0