Алматыда үш аптада медбике болғысы келгендер алданып қалды

© AP Photo / David GoldmanМедбике, архивтегі фото
Медбике, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2022
Жазылу
Жеке оқу орталығы үш апта ішінде медбикелер мен фельдшерлерді дайындаймыз деп, әлеуметтік желіде жарнама жасаған
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Алматыда жекеменшік орталық үш аптаның ішінде фельдшер мен медбике мамандығына онлайн-режимде оқытамыз деп, халықтан ақша жинаған. Тіпті, диплом беруге уәде еткен. Ал ол дипломмен жұмысқа тұра алмаған адамдар ақшасын қайтаруды талап етті, деп хабарлады КТК арнасы.
"Алтын Алем" серіктестігі лицензиямыз бар, біз берген мемлекеттік үлгідегі дипломмен кез келген медициналық мекемеге жұмысқа тұра аласыңдар деп, жарнама жасаған. Курсты тәмамдағандар, шын мәнінде түкке тұрғысыз бір жапырақ қағаз бен шала білім алған.
Алматылық Ділнұр Рысбек жастайынан жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеуді армандаған. 31 жастағы әйел медициналық колледжге түсудің орнына ақылы курсқа жазылуды жөн санапты. Алайда өзі таңдаған оқу орталығы фельдшер мамандығының қыр-сырын үйретпепті. Тек ғаламтордан жүктелген теорияны екі апта бойы поштаға жіберумен шектелді. Сөз бен істің қабыспайтынын байқаған келіншек бірден ақшасын қайтарып беруді талап еткен.
"Бұл мемлекеттік білім. "Қызыл диплом ресейлік болады, барлық жерге жарайды" деді. Солай істегеннен кейін 390 мың төледім. Олар маған электронды келісімшарт жіберді. Кейін мен барлық жерден жұмыс сұрадым. Бәрі курс пен диплом өтпейді, алмаймыз деді. Мен оларға мессенжерлерден, телефонмен қоңырау соқтым, мені бұғаттап тастапты. Министрлік оларды жауып тастасын. Мен сияқты қаншама адам мынандай алаяқтардан жәбір шегіп отыр", - дейді Рысбек.
"Алтын Алем" оқу орталығының Инстаграмдағы жарнамасы жер жарады. "Курсты тәмамдағандарға мемлекеттік үлгідегі Ресейдің дипломы мен халықаралық деңгейдегі сертификат береміз" деп жазған. Лицензиямыз бар дейді. Оған Бақытгүл Валиева да алданды.
"Маған мына құжаттар керек болған. Мемлекет қазір косметолог мен массаж жасайтындарды қадағалап жатыр. Бізге аккредитацияланған, лицезиясы болады деген. Бізді алдады. Алаяқтық жасады. Өйткені не лицензиясы, не мемлекеттік тіркеу номері жоқ. Мемлекеттен рұқсат болса, құжаттарын жасап берсін. Болмаса, ақшаны қайтарсын. Дұрыс емес қой мынау", - деп атап өтті Валиева.
Орталықтың сабақ өткізетін бірнеше бөлмесі ғана бар. Онда манекендер мен адам физиологиясына қатысты ақпараттан басқа ештеңе жоқ. Орталық басшысы Динара Өміртайқызы курсқа қатысушылар адамның жансыз сұлбасына екпе мен система салып үйренеді деп мақтанды. Бірақ барлық сұраққа жауап беруден бас тартып, сөзді қысқа қайырды.
"Біз алдымен келісімшартқа отырамыз. Ол жерде барлығы анық жазылған. Бұл медициналық дайындық курсы. Біз колледж немесе университет емеспіз. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Талай адам орталығымыздан білім алған. Біздің курсты оқығандар жекеменшік медициналық мекемелерде, клиникаларда қызмет ете алады", - деді Өміртайқызы.
Ал кәсіби мамандар үш апталық курстан өткен адамның жауапкершілігі мол салада жұмыс істеуі қылмыс дейді. Себебі фельдшер мен мейірбикеге артылатын жүк ауыр. Арнайы мамандандырылған орта білімсіз науқасқа медициналық көмек көрсету "соқырға таяқ ұстатқанмен тең".
Жаңалықтар
0