Экономика

Қазақстанда азық-түлік қымбаттай ма

© Sputnik / Тимур Батыршинархивтегі сурет
архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.04.2022
Жазылу
Тауар жеткізу тізбектерінің бұзылуы тауар бағасына ғана емес, келісімшарт міндеттеріне де әсер етеді
НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы азық-түлік бағасының өсетінін болжап отыр.
Қазірдің өзінде кейбір тауарлар қымбаттады. Негізгі себеп – Ресейге қарсы санкциялар. Соның салдарынан тауар жеткізу тізбегі үзілді.
Бұған дейін импорттық өнімнің басым бөлігі Ресей арқылы жеткізілген. Алдымен Балтық теңізінің порттарына, одан кейін автомобиль немесе теміржол көлігімен Қазақстанға әкеліп тұрды.
Бұл – ең тиімді жол. Шығындары да аз болған.
"Енді, осы тізбек үзілді. Жаңа жолдарды іздеу керек. Әрине, бұның барлығы тауардың бағасына әсер етеді, құны көтеріледі. Мәселен, қант бізге жаңағы жолмен жеткізілетін. Енді, оны Қара теңіз арқылы Батуми портымен импорттайды. Соның нәтижесінде осы өнімнің бір партиясы 300 миллион теңгеге қымбаттап кеткен", - дейді палатаның агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.
Оның айтуынша, тауар жеткізу тізбектерінің бұзылуы тауар бағасына ғана емес, келісімшарт міндеттеріне де әсер етеді. Себебі шартта көрсетілген уақыт өзгереді.
Бұдан бөлек, инфрақұрылым мәселесі бар. Өкінішке қарай, жаңа бағыттар бойынша тауарды қабылдау және ары қарай тарату жүйесі дайын емес.
"Қазір сөрелерде бағаны өзгеруін көріп жатырмыз ғой. Соның бәрі - жеткізу мәселесі мен конвертация проблемаларының нәтижесі. Жағдай тағы қиындай түседі деген қауіп бар", - деп атап көрсетті департаменті басшысы.
Қазіргі жағдай отандық тауарлардың бағасына да әсер етеді. Себебі кәсіпкерлер шетелдік құрал-жабдықтарды пайдаланады. Өнім өзіміздікі болса да, қаптамаға қажетті шикізат сырттан сатып алынады.
"Содан отандық тауарлардың бағасы көтеріледі. Менің болжамым бойынша 15-20%-ке өседі. Мәселен, біз кеше ғана құс өсірушілермен сөйлестік. Олар құс етінің өз бағасын 37%-ке көтеру туралы айтып жатыр. Дегенмен, қазір біз үшін қолайлы кезең. Көктем мен жазда ауыл шаруашылығы өнімдері көбейеді. Осы жағдайға күзде тап болсақ, қыс бойы мәселенің шешілгенін күтетін едік. Жағдайымыз одан бетер қиындайтын еді", – деді Есенеев.
Жаңалықтар
0