Елорда тынысы

"Танысуға бола ма?": астанада дәмханада жасалған ұрлық видеоға түсіп қалды

© Public DomainСмартфон, телефон
Смартфон, телефон - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.04.2022
Жазылу
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды
НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Астаналық полицейлер Моңғолияның 40 жастағы тумасын ұстады. Ол дәмханада танысқан әйелдің ұялы телефонын ұрлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күдікті кешкі уақытта Уәлиханов көшесіндегі "Шымкент" дәмханасына барған. Ол жерде жалғыз отырған әйелді көріп, жанына отыруды сұрады. Одан кейін ішімдік ішуді ұсынған.
"Шамадан көп ішімдік ішкен жәбірленуші ұйықтап қалған. Күдікті осы сәтті пайдаланып, үстелде тұрған Samsung маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен", - дейді полицейлер.
Видеодан әйелдің оянып қалғаны көрінеді. Бірақ телефоны қолды болғанын байқамаған. Күдіктіден қайда кетіп бара жатқанын да сұрады. Ол сыртқа шығып келетінін айтқан. Бірақ оралмаған. Кейін ұялы телефоны жоғалғанын көрген әйел полицияға арыз түсірді. Жедел іздестіру шаралары кезінде телефонды қолды еткен ер адам ұсталды. Ол ұрлық жасағанын мойындады. Бірақ телефонды бейтаныс біреуге сатып жіберген.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктінің осы іспетті басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетері, ұрлық үшін 1 000 АЕК-ке (3 063 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту қарастырылған. 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, болмаса, үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.
Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді. Осы қылмыс бірнеше рет жасалса, жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.
Жаңалықтар
0