Батпаққа батып отыр: Ақтөбе тұрғындары дабыл қақты

© Photo : 24.kz / 24.kzАқтөбе
Ақтөбе  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.04.2022
Жазылу
Жаңадан бой түзеген Ақтөбенің беткеұстар ауданы "Батыс-2"-ге қоныс аударған тұрғындар алғашқы көктемде-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды дейді
НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Ақтөбенің еріген қардың суы басты. Қала тұрғындары ми батпақ пен шалшық судан әбден шаршады. Жолдарда судан аяқ алып жүру қиын. Ақтөбеліктер "сумен қоса ағып кетпейміз бе" деп қорқа бастады.
Жаңадан бой түзеген Ақтөбенің беткеұстар ауданы "Батыс-2"-ге қоныс аударған тұрғындар алғашқы көктемде-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды дейді. Балшыққа батып, аяқ алып жүрудің өзі мұң.
Айналадағы құрылыс алаңдарына келіп кететін ауыр жүк көліктері тұрғындар төсеген қиыршық тас жолды әп-сәтте жарамсыз етеді. Ал жақын маңдағы аялдама мен асфальты бар көшеге жету үшін кемінде жарты шақырымға жуық жол жүріп өту қажет, деп хабарлады Хабар 24 арнасы.
"Жолымыздың кескіні мынау, екі жақтан да кіре алмаймыз. Автотрасса жақтан да кіру қиын, мына орталықтан да кіру қиын. Автобус жоқ. Аялдама қашық. Аялдамаға жету үшін біз батпаққа батамыз", - дейді қала тұрғыны Рәбиға Батырова.
Ал Лида Қожахметова "Абырой" деген тұрғын үйде тұрады. Бірақ үйі атына заты сай емес болып шықты.
"Үйіміз "Абырой" дегенменен, сол абырой деген атқа лайық болмай, жан жағын балшық басып, су алып, балаларымыз жүре алмай балшыққа құлап жатырмыз", - дейді Қожахметова.
Алайда тұрғындардың бұл ойы жақын арада жүзеге аса қоймайтын сыңайлы. Себебі жол салуға жауапты қалалық коммуналдық бөлім өкілдері тек орталық көшелерді қамтуға міндеттіміз дейді. Ал жекелеген тұрғын үй кешендеріне дейін тротуар мен асфальтты құрылыс компаниялары төсеуге міндетті.
"Жобалық-сметалық құжаттары жасалған кезде құрылыс компаниясы коммуналдық шаруашылығы бөлімінен орталық көшеге дейінгі жолға да техникалық шарт алуға міндетті. Алайда бұл талап орындалмаған. Көп қабатты үй кіріп шығу жолдары ескерілмей салынған", - деп атап көрсетті қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Навои Әмірбеков.
Жаңалықтар
0