Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккендер саны артты

© Sputnik / Абзал КалиевНұр-Сұлтан қаласындағы бұрқасын
Нұр-Сұлтан қаласындағы бұрқасын - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.03.2022
Жазылу
Зардап шеккен сегіз адамның төртеуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрі
НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Қазақстанда 29-30 наурыз аралығында ауа райының қолайсыздығынан сегіз адам зардап шекті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.
Республиканың 7 облысы мен 2 қаласында екпінді желдің салдарынан ауа райының нашарлауына байланысты түрлі мақсаттағы (білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары, сауда, әкімшілік, тұрғын үйлер, әкімдіктер) 297 нысанның шатыры жұлынып кеткен.
"Сонымен қатар 8 адам зардап шекті, оның 3-уі бала. 4 адам ауруханаға жатқызылды, қалғандары тексеріліп, үйіне жіберілді", - деді министр брифингте.
Бұған дейін алты адам жарақат алғаны туралы хабарланған болатын.
8 облыстың 289 елді мекенінде электр қуаты үзілді, барлығы 110 387 абонент (Ақмола облысында – 87, Қарағанды ​​ облысында – 25, Алматы облысында – 83, Атырау облысында – 10, Павлодар облысында – 70, Солтүстік Қазақстан облысында – 12, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл облысында – 1) жарықсыз қалды.
"31 наурыз сағат 11:00-дегі жағдай бойынша 275 елді мекенде электр қуаты берілді, республиканың 3 облысының 14 елді мекенінде 12 709 абонент әлі қосылмады", - деді Юрий Ильин.
Қазір республикалық маңызы бар автожолдардың екі және облыстық маңызы бар жолдардың 12 учаскесі жабық тұр (жол қызметтері тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр), республика жолдарында көлік кептелісі жоқ, ауа райы тұрақтанды, жағдай бақылауда, деп хабарлады ведомство басшысы.
Сонымен қатар 29-30 наурыз аралығында құтқарушылар 1453 адамды құтқарып, эвакуациялады, оның 199-ы балалар. Құтқару жұмыстарына барлығы 539 адам мен 277 техника жұмылдырылды.
101 және 112 пультіне көмек көрсету және ақпараттық сипаттағы 7 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Жедел желі жұмысын жалғастыруда.
Жаңалықтар
0