Экономика

Қазақстан ішкі нарықта тұтынылатын А4 қағазының 5 процентін ғана өндіреді

© Sputnik / Абзал КалиевКеңсе қағазы
Кеңсе қағазы - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2022
Жазылу
Қазақстан нарығында А4 қағазы Ресейге салынған санкцияның салдарынан екі есе қымбаттады
НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. 2021 жылы қазақстандық кәсіпорындар А4 форматында 600 мың қаптама қағаз шығарды, бұл ішкі нарықтағы барлық тұтыну көлемінің 5%-ін ғана құрайды, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
2021 жылы ішкі нарықта пайдалану үшін Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 миллион қаптамасы (51 мың тонна) жеткізілді. Оның ішінде, 61% (31,3 мың тонна) ­– Ресей Федерациясынан, 30% (15,1 мың тонна) – Түркиядан, 8% (4 мың тонна) ҚХР-дан импортталды.
Осылайша Қазақстан нарығына А4 форматындағы қағаз өнімдерінің басым бөлігін "Снегурочка" және SvetoCopy брендтері жеткізген.
2021 жылдың қорытындысы бойынша А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құрады. 2022 жылғы наурызға қарай бағалар орта есеппен бір мың теңгеге немесе 67%-ке өсті. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалайды.
Баға Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістерге байланысты және Ресейде кеңсе қағазын өндіру көлемінің қысқаруына орай өзгеріп отыр.
Айта кетері, Қазақстанда кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша екі зауыт жұмыс істейді.
"Qagaz Ordasy" ЖШС жылына 3 миллион бума, ал "Goida.kz" 3,6 миллион А4 кеңсе қағазын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі РФ мен Финляндияда өндіріледі. Алайда ресейлік зауыттар бұл компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері ("Литан" ЖШС және "Резервснаб Плюс") арқылы саудалайды. Сәйкесінше, сауда-саттықты шектеп отыр.
Жаңалықтар
0